«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Дамуға бағытталған бизнес: Әйтеке би ауданында жаңа жобалар мен өндірістер іске қосылуда

2025 жылғы 29 Қыркүйек
- Ақтөбе облысы
393 просмотров

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Оның жарқын үлгісі – жергілікті кәсіпкер Алмабек Төлеповтың жұмысы. Ол сауда саласында табысты еңбек етіп, 2% мөлшерлемесі бар бөлшек салықты қолдануда. Оның айтуынша, мұндай салық режимі жұмысты ашық етеді, қаржылық жүктемені азайтады және сатып алушыларға қызмет көрсетуді жақсартып, тауар түрлерін кеңейтуге қосымша қаражат бағыттауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Алмабек наубайхана ашуға дайындық үстінде. Нысанды сатып алуға, жөндеуге және жабдықтың бір бөлігін алуға шамамен 10 млн теңге инвестиция салған. Жоспарда тек дәстүрлі нан ғана емес, тандыр өнімдерін шығару да бар. Өнімді жеткізу үшін кәсіпкер арнайы техника сатып алуды көздеп отыр.

Өз жобаларымен ол Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловпен және өңірлік кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Камшат Төлеуовамен бөлісті. Жұмыс сапарына сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Даурен Убайдулин қатысты. Кәсіпкерге қолдау шаралары бойынша кеңестер берілді: қолжетімді қаржыландыру, субсидиялау, әлеуметтік нан өндірушілер тізіліміне ену және электр энергиясына жеңілдік тарифін алу мәселелері түсіндірілді. Сонымен қатар Дидар Боранқұлов аудандық филиалға колледжбен дуалды әріптестік орнатуға жәрдемдесуді тапсырды. Мұнда аспаздар мен кондитерлер дайындалады, бұл болашақ өндірістің кадр қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Сапар аясында делегация бірқатар ауылшаруашылық нысандарын да аралады.

Қияқты ауылында Берік Аяпов жетекшілік ететін «Еділбай» шаруа қожалығының жұмысы таныстырылды. Мұнда бордақылау алаңын салу бойынша инвестициялық жоба басталды. 2017 жылы құрылған қожалық 1000 га жерге ие, мал шаруашылығы және қайта өңдеумен айналысады. «Ақбас» пен «Герефорд» асыл тұқымды ІҚМ, «Мұғалжар» жылқысы және ұсақ мал өсіріледі. Шаруашылық ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне белсенді қатысып, әлеуметтік бастамаларды қолдап келеді. Бұған қоса, Берік Аяпов Қарабұтақ елді мекенінде жол бойы сервистік кешенін – кафе, мейрамхана және қонақүйді іске асырған.

Аралтөбе ауылында 2011 жылы құрылған Сағындық Кішкенебаевтың «Жаннұр» қожалығының қызметімен танысты. Қожалық 7 500 га ауылшаруашылық жерлеріне ие, мұнда 2 100 бас қазақтың ақбас ірі қарасы, ұсақ мал және жылқылар бар. 2023 жылы мұнда бордақылау алаңының құрылысы басталды. Облыстық мәслихат депутаты Камшат Төлеуова мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану және жобаны іске қосу жөнінде бірқатар ұсыныстар берді.

Тағы бір нысан – Қарабұтақ ауылында орналасқан «ТянЛи» ЖШС-нің «Дальнобойщик» кемпингі. Басшысы – Борис Тян. Кәсіпорын 2001 жылдан бері қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеп келеді, мұнда 23 адам еңбек етеді. Аумағы 1 гектар жерде кафе орналасқан, қосымша 500 шаршы метрлік жаңа корпус салынып, бақылау алаңы абаттандырылуда. Кәсіпкер аумақты инфрақұрылымдық жақсарту бойынша қолдау көрсетілуін қалайды.

«Бұл нысандарды аралау ауылдық жерлерде мал шаруашылығы мен қайта өңдеудің дамуын, жаңа жұмыс орындарының ашылуын көрсетіп отыр. Кәсіпкерлер палатасы бизнеске әрдайым қолдау білдіреді, мемлекеттік органдар да жобаларды сүйемелдеп, көмек көрсетуге мүдделі», — деді РПП директоры Дидар Боранқұлов.

Ауылдарға жасалатын жұмыс сапарлары жалғасуда: бұған дейін мамандар Қарғалы және Ырғыз аудандарында болған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174