«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте іскер әйелдерге арналған семинар өтті

2025 жылғы 16 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
492 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Іскер әйелдер кеңесі мүшелерінің қатысуымен семинар ұйымдастырылды.

Мемлекеттік органдар мен қаржылық ұйымдардың өкілдері қатысқан жиын барысында кәсіпкерлік бастамалары бар қыз-келіншектерге іскерлік жобалары үшін пайдалы ақпараттар ұсынылды.

«Біздің бас қосудағы мақсатымыз – іскерлік бастамаларды мемлекеттік тарапынан қолдау шаралары, қаржыландыру мүмкіндіктері, әлеуметтік кәсіпкерлікті бастау, дамыту тетіктері туралы түсіндіру. Осы мақсатта жиынға Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының өкілдері қатысып отыр. Жобаларыңызды жүзеге асыруға қажет ақпараттармен танысып, сұрақтарыңыз болса, жауап алуға болады», – деді Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Жанар Алтаева.

Жиын барысында сала мамандары кәсіпкерлікке арналған бағдарламалар мен қолдау шаралары туралы түсіндірді. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқарманың өкілі көпшілікті қызықтырған әлеуметтік кәсіпкерлік туралы түсіндірді.

«Еліміз бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субьектілерінің тізілімі жасалады. Ол қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуге, жақсартуға бағытталған. ҚР Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 17 шілдедегі №140 бұйрығына сәйкес төрт санат көрсетілген. Біріншісі – кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі адамдар, ерекше бала тәрбиелеуші ата-аналар, зейнеткерлер және зейнет алдындағы жастағы кісілер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, пробациялық есептегі азаматтар, тұрғылықты жері жоқ тұлғалар, аз қамтылған, көп балалы немесе толық емес отбасылар, медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткендер, қандастар секілді әлеуметтік осал топ мүшелерін жұмыспен қамтып, олардың саны жалпы қызметкерлердің 50 пайызын құрауы тиіс және 2 адамнан кем болмауы керек. Екіншісі – жоғарыда көрсетілген 9 санаттағы азаматтар жеке кәсіпкерлікпен айналысса, әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне ене алады. Және кәсіпкердің табысының кемінде 50 пайызы осы әлеуметтік саладан түсуі керек. Үшінші сала – әлеуметтік осал топ мүшелеріне арналған қызмет көрсету, тауар өндіру, сол азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған күтім көрсететін кәсіпкерлер жатады. Оның арнайы тізімі бар. Төртіншісі – қоғамдық маңызды қызметтермен айналысатын кәсіпкерлер осы әлеуметтік кәсіпкерлік санатына ене алады. Олар – негізінен балалардың демалысын ұйымдастыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, негізгі жалпы орта білім, қосымша білім беру орталықтары, ерекше балаларға психологиялық, педагогикалық қолдау көрсету, еріктілерді оқыту, мәдени-ағарту саласындағы және қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіпкерлер», – деді Керемет Жадығұл.

Семинар барысында әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту басқармасының өкілі Гүлбану Пернебекова жұмыспен қамту, «Күміс жас» сияқты бағдарламалар туралы түсіндірсе, «Қазақстан халық банкі» және «Отбасы банкі» АҚ өкілдері банктегі несиелендіру, корпоративтік бағдарламалар туралы мағлұмат берді.

Жиынға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174