Ақтөбеде өрт сөндіру шлангтарын шығаратын бірегей өндіріс іске қосылды
«O'rt tehnika-Qazaqstan» ЖШС – Қазақстанда өрт сөндіру шлангтарын шығаратын алғашқы кәсіпорын болып табылады. Өндіріс Ақтөбе қаласында орналасқан және 2025 жылдың тамыз айының басында алғашқы сынамалық өнім партиясын шығарды.
Компания 2024 жылы құрылып, ғимараттар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жоғары технологиялық бағытты таңдады. Кәсіпорында шығарылатын өрт сөндіру шлангтары су өткізбейтіндігімен, жоғары температура мен қысымға төзімділігімен ерекшеленеді. Олар өрт сөндіру жүйелерінде, әлеуметтік, әскери және коммерциялық инфрақұрылым нысандарында қолдануға арналған.
«Бұл – технологиялық жағынан күрделі өндіріс. Біз жабдықты орнату мен оны пайдалану, сондай-ақ өндірістік технологиялар бойынша бізге кеңес беріп отырған қытайлық серіктестердің тәжірибесін қолданудамыз. Барлық жабдықтар Қытайдан әкелінген, ал инвестициялар толықтай жеке қаражат есебінен жүзеге асырылды. Бүгінгі күнге дейін 120 миллион теңге инвестиция салынды», – деді «O'rt tehnika-Qazaqstan» ЖШС директоры Асқар Абдрахманов.
Сынақ режимінде бүгінде екі станок жұмыс істеп тұр, олардың әрқайсысы ай сайын ұзындығы 20 метр болатын шамамен 500 дана шланг шығарады. Осылайша, кәсіпорын қазірдің өзінде айына 1000 данаға дейін өрт сөндіру шлангын өндіре алады. Өндіріс үш ауысымда ұйымдастырылған, алты жұмыс орны ашылған.
Компанияның жоспарлары ауқымды: өндірістік қуаттылықтар тоғыз станокты орналастыруға мүмкіндік береді, бұл өнім көлемін бірнеше есеге арттырады. Сонымен қатар, басшылық өрт сөндіру құралдарының ассортиментін кеңейтіп, ұнтақты, көмірқышқыл газды және автоматты өрт сөндіргіштерді шығару өндірісін жолға қоюды көздеп отыр.
Асқар Абдрахманов 2013 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Бұған дейін ол өртке қарсы өнімдерді сатумен айналысқан болса, бүгінде еліміздегі алғашқы отандық өрт сөндіру шлангтарын өндіру ісінің басында тұр.
Кәсіпорын қызметімен Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы танысып үлгерді. Қазір компанияны сертификаттау және оны отандық өндірушілер тізіліміне енгізу бойынша консультациялық жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа өндірістің іске қосылуы – ішкі нарықтың маңызды қажеттілігін өтеп қана қоймай, импортты алмастыру мен өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға жол ашады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: