Ақтөбеде тамақтану орындарына санитариялық талаптар үйретілуде
Ақтөбе облысының дәмханалары, мейрамханалары, асханалары мен жеткізу қызметтерінің өкілдері тағамнан уланудың және жедел ішек инфекцияларының алдын алу бойынша ұйымдастырылған семинарға қатысты.
Іс-шара Кәсіпкерлер палатасында, туризм салалық кеңесінің аясында өтті. Кеңес құрамында өңірдің қоғамдық тамақтану саласының негізгі өкілдері шоғырланған.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Эльмира Қазиева дайын тағамдарды өндіру мен өткізудің санитарлық талаптары, аурулардың алдын алу жөніндегі ұсыныстар, сонымен қатар жиі кездесетін бұзушылықтар мен оларды болдырмау шаралары туралы егжей-тегжейлі түсініктеме берді.
Бұл семинар Павлодар қаласында орын алған жаппай улану оқиғасына байланысты өткізіліп отыр – онда 20-ға жуық адам зардап шеккен болатын, дейді спикер. Жаз – той-томалақ, мектеп бітіру, ұжымдық мерекелер уақыты. Осы ретте кәсіпкерлер тарапынан сақтық пен жауапкершілік аса маңызды.
Семинар барысында қаралған мәселелер:
- жоспардан тыс тексерулер — қандай жағдайда өткізіледі;
- мангалдар бойынша санитарлық талаптар (ҚР ДСМ №16 ережелеріне сәйкес);
- өндірістік бақылау бойынша есептерді тапсыру мерзімі — 5 шілде және 5 қаңтарға дейін.
Егер қоғамдық тамақтану орындарында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталса, тағамнан улану қаупін мүлде болдырмауға болады. Бұл ережелердің басты мақсаты – тұтынушылардың денсаулығын қорғау және әрбір мекемеде жоғары сапа стандартын қамтамасыз ету.
«Тексерулер негізсіз жүргізілмейді. Міндетті түрде фискалдық чек, фото/видео тіркеу қажет. Барлығы Кәсіпкерлік кодекске сәйкес», — деп атап өтті Эльмира Қазиева.
Кәсіпкерлерге кеңес алу үшін мына мекенжайға жүгінуге болады: Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 1, ПОШ ғимараты. Тел.: +7 (7132) 55-78-12.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Владимир Сухорученконың айтуынша, бизнес сұранысы бойынша мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сұрақтар мен ұсыныстар бойынша өңірлік филиалға жүгінуге болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: