Кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алу туралы заңның талаптары түсіндірілді
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салалық кеңесінің отырысы өтті.
Кеңес төрағасы Ойрат Мамыровтың модераторлығымен өткен жиынға Палата қызметкерлері, Шымкент қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасының, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
Жиынның күн тәртібі бойынша Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің алдағы сайлауына делегаттарды ұсыну туралы Палата директорының орынбасары Майя Исаева түсіндіріп өтті.
«Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі бақылау органы болып саналады және кәсіпкерлік субъектілерінің делегаттарынан, қауымдастықтар мен одақтардың өкілдерінен құралады. Жалпы құрамы 25 мүшеден тұрады. 4 жыл бойы жұмыс істейді. Өңірлік кеңес сайлауына құжаттар тапсырып, үміткерлерді тіркеу 2024 жылдың желтоқсан айында жүргізіліп, сайлау келесі жылдың қаңтар айында өтеді. Осы сайлауға белсене қатысуға шақырамын», – деді Майя Исаева.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа сатып алу Заңы туралы Шымкент қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орындасары Бақыт Құдайбергенов сөз алды.
«Заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында қабылданды. Заң сатып алу процесінің рәсімдерін оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді. Оның ішінде шағымдарды қарау тетігі жаңартылды, рәсімдерді оңайлату және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін мемлекеттік сатып алуды өтпеді деп тану негіздері қайта қаралды. Атап айтқанда бұған дейін сатып алулар тек 1 әлеуетті өнім беруші қатысқан жағдайда өтпеді деп танылатын. Енді мұндай өнім беруші тиісті біліктілік талаптарына сай деп танылған жағдайда онымен шарт жасасуға рұқсат беріледі», – деді Бақыт Құдайбергенов.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін жаңа сатып алу Заңы туралы Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орындасары Бақыт Құдайбергеновтың баяндамасын назарға алынып, Өңірілк кеңес мүшелерінің сайлауына қатысу үшін қажет құжаттарды жинап-тапсыру туралы шешім қабылданды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: