«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктері анықталды

2024 жылғы 03 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
6898 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бренд-комитеттің отырысы өтті.

Палата директоры Сабира Адамбекова төрағалығымен өткен жиынға қалалық әкімдік басқармаларының, қаржы институттары мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» өкілдері, «Kazakh Invest» АҚ, қалалық креативті индустрия және іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі өткен болатын. Оған 40-қа жуық кәсіпкер өз өнімдерімен қатысып, олардың арасынан 10 қатысушы алғашқы іріктеуден өтті.

Комитет отырысында 10 үміткер өз өнімдерін таныстырды. Олардың арасында киізден, былғарыдан жасалған бұйымдардан бастап ұлттық нақыштағы киімдер, кәдесыйлар мен керамика, пайдалы азық-түлік өнімдер бар. Комиссия мүшелері олардың арасынан үздік үшеуін таңдап алады.

«Кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары жалғаса береді. Яғни, оларға қандай да бір құқықтық, консультативтік және қаржылай көмек қажет болса, құжаттарды рәсімдеу, сүйемелдеу керек болса, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан тиісті кеңес беріледі. Жалпы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы үміткерлердің өнімдері бірқатар талапқа сай болуы тиіс. Нақты айтқанда өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалып, өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек, өнім мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігін көрсетуі тиіс. Дегенмен, өнім шығаруда негізінен жергілікті шикізат қолданылып, қосымша ретінде басқа жақтан жеткізілген қажет материалдар қолданылуына болады. Мысалы, жергілікті былғарыдан жасалған сөмке, аяқ киім, әмияндарға ілгек, құлып немесе әшекей ретінде басқа материалдар қолданылуына мүмкіндік бар», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Бұдан кейін үміткерлер кезекпен кіріп, бренд-комитет мүшелеріне өз өнімдерін таныстырды, өндірісте қажеттілігін айтып,алдағы жоспарларын бөлісті. Комитет мүшелері әр кәсіпкерге қосымша сұрақтар қойып, ой-пікірін айтты, кеңесін берді.

Бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша 3 кәсіпкер үздік деп танылды. Олар: тақиялар мен киімдерді ұлттық нақышта безендіретін «Заманова» жеке кәсіпкерлігі, табиғи былғарыдан әмияндар мен сөмкелерді қолдан тігетін «Алимбаев Н.А» жеке кәсіпкерлігі және тағамдық табиғи пайдалы жылқы мен құс майын әзірлейтін «Сальма» жеке кәсіпкерлігі.

Жеңімпаздарға «Атамекен» ҰКП салалық департаменттері тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, өндірісті кеңейтуге, қажет болған жағдайда экспортқа шығу бойынша қолдау көрсетіледі. Жалпы, бренд-комитет мүшелері отырысқа келген барлық үміткерге кәсіптің ауқымын кеңейтіп, өнімдерінің нарықтық әлеуетін арттыру бойынша кеңес берді.

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ҚР Үкіметі бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына сай әзірленген «Мен – кәсіпкер» құралы аясында өткізіледі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер