«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі өтті

2024 жылғы 12 Тамыз
- Шымкент қаласы
7028 просмотров

Үшінші мегаполисте «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға жалпы 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәліметінше, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстан бойынша жүзеге асырылып келеді.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті шикізаттан өнім өндіріп, сол кәсіпкерлікті дамыту қызметіне бағытталған. Ол бәсекеге қабілетті кемінде бір өнім өндіру тұжырымдамасына негізделген. Бұл жоба ХХ ғасырдың 70-жылдары Жапонияда басталған. Мұндағы мақсат – бір елдімекен немесе бір кәсіпкердің бәсекеге қабілетті, белгілі бір өнім өндіріп, нарыққа шығаруы. Осылайша бизнеске айналатын өнім арқылы кірісті арттырып, экономикалық әлеуетті көтеру көзделеді. Қазіргі таңда әлемнің 30-дан астам елінде жүзеге асырылуда. Жобаны 2022 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып келеді. Жергілікті әкімдік пен іскер әйелдер кеңестері де қолдау көрсетіп отыр. Жобаға шағын және орта кәсіпкерлер, іскерлік бастамасы бар кез келген тұрғын қатыса алады», – деді Сабира Құршидқызы.

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларға кәсіпкерлер палатасы тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Мұндағы ортақ мақсат – белгілі бір елдімекендегі шағын кәсіпкерлердің ісін дамытып, адами капиталды, іскерлік қабілетті дамыту, жергілікті өнімдердің сапасын арттыру.

«Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесіне қатысушылардың өнімдері бірқатар талапқа сай болуы тиіс:

* өнім (тауар) жергілікті шикізаттан жасалуы тиіс;

* өнім (тауар) өндірісі барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек;

* өнім мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігін көрсетуі тиіс;

* өнім шығаруда негізінен жергілікті шикізат қолданылып, қосымша ретінде басқа жақтан жеткізілген қажет материалдар қолданылуына болады. Мысалы, жергілікті былғарыдан жасалған сөмке, аяқ киім, әмияндарға ілгек, құлып немесе әшекей ретінде басқа материалдар қолданылуына мүмкіндік бар.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушыларға көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысуға, өнімдердің тауар белгісі мен логотиптерін жасауға, кәсіпкерлерге маркетинг негіздерін оқытуда, бизнес процесін және бухгалтерлік есепті жүргізу, оңтайландыру бойынша, ішкі және сыртқы нарықта өнімдерін сату барысында, мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдаулар (грант, лизинг, жеңілдетілген несие) туралы түсіндіруде және консультативтік көмек бойынша қолдау көрсетеді.

Арнайы комиссия мүшелері қатысушылардың өнімдерін бағалап, алдағы уақытта үздіктерін іріктеп алады. Жәрмеңке соңында Палата директоры Сабира Адамбекова барлық қатысушыға іс-шара барысында белсенділік танытқандары үшін Алғыс хат табыстады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер