«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасында Шымкенттегі туризм мәселелері талқыланды

2024 жылғы 01 Тамыз
- Шымкент қаласы
5370 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында туризм салалық кеңесінің отырысы өтті. Онда туризмге байланысты бірқатар мәселе талқыланды.

Жиынға Палата қызметкерлері, туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы, кәсіпкерлер қатысты.

Қалалық әкімдік өкілдері Шымкенттің туристік әлеуеті жоғары екеніне тоқталды.

«Шымкент қаласына соңғы 3 айда 112 мыңға жуық турист келген, оның ішінде 104 мың адам – ішкі турист болса, 7 мыңнан астамы – шетел азаматтары. Қаламызда туризмге қатысты жалпы құны 7 млрд теңге болатын 8 инвестициалық жоба жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылы 5 жұлдызды қонақ үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұның барлығы Шымкенттің туристік тартымдылығы жоғары екенін білдіреді. Осы орайда туризм саласындағы кәсіпкерлерді бірге жұмыс істеуге шақырамыз», – деді Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов.

Жиында кәсіпкерлер саябақтарға көпшілік тамақтану орындарын орнату бойынша ұсыныстарын жеткізді. Айтуларынша, қыдырып жүрген азаматтар, оның ішінде шетелдік туристер тамақтану орындарын іздейді әрі жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алуды қалайды.

Бұл ұсынысқа Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының өкілдері ерекше қорғалатын табиғат аймақтары туралы заңға сәйкес, мысалы, дендросаябақ ерекше қорғауға жататынын айтты. Тамақтану орындарын саябақтардың ішінде емес, тек аумағының сыртында, көлік тұрағында орналастыруға болады дейді басқарма өкілі. Оның ішінде тек белгілі бір өнімдерді ғана сатуға рұқсат етіледі.

Дегенмен, кәсіпкерлерге кейбір саябақтардағы белгілі орындарға дайын өнімдер сатуды ұйымдастыру үшін өздерінің концепцияларын әзірлеп, ұсыныстарын тиісті басқармаға жазбаша жеткізуге болатыны түсіндірілді.

Бұған қоса Шымкентте креативті индустрия саласы да дамып келеді. Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы қалалық креативті индустрия қауымдастығымен бірге Арбат демалыс аймағында жәрмеңке өткізуді қолға алған. Бұған дейін әр сенбі күні пилоттық деңгейде өткізілген жоба 3 тамыз күні ресми түрде ашылмақ. Жәрмеңкеде қолөнер бұйымдары сатылып қана қоймай, шеберлік сабақтары өткізіледі деп күтілуде. Басқарма басшысы алдағы уақытта қалада креативті хаб ашу да жоспарда бар екенін айтты.

Кеңес отырысында қала аумағындағы санитарлық-гигиеналық нүктелер жайы да талқыланды. Кәсіпкерлер бұл мәселенің аса маңызды, туристерді алып жүруге ескеретін жағдай екенін жеткізді.

«Қала аумағында 50-ге жуық дәретхана бар. 13-і – парктерде, 37-сі – жолдардың бойында. Олардың жағдайына мониторинг жасалды, алдағы уақытта қолға алынып, мұндай нүктелер жаңартылады. Осы тұста айта кетерім, қалалық әкімдік тарапынан дәретхананы ұстап-күтуші заңды тұлғаларға ай сайын субсидия беріледі. Бірақ, өтінім берген кәсіпкер аз. Сонымен қатар, саябақтардағы, туристер көп жүретін көпшілік орындардағы ретсіз саудамен күрес те қолға алынуда», – деді қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов.

Жиын барысында, сонымен қатар, ешқандай органда тіркелмей, заңсыз жұмыс істейтін гидтермен күрес мәселесі де талқыланды. Жауапты мамандар ондай гидтер анықталған жағдайда полицияға хабар беруді ұсынып, алдағы уақытта тіркелген гидтер тізімі жаңартылатынын жеткізді.

«Қазақстандық туризм индустриясы» республикалық қауымдастығы» ЗТжЖК бірлестігінің өкілі Ромэлла Пак жаңадан ашылып жатқан туристік агенттік иелеріне құжат алмастыру, бухгалтерияны дұрыс жүргізуді оқытуды жөн деп санайды. Айтуынша, себебі, бухгалтерлік есептердің дұрыс жүрмеуіне байланысты көптеген туристік агенттіктер жабылып, банкротқа ұшырауда. Сонымен қатар туристік операторлар мен туристік агенттіктер арасында түсініспеушіліктер бар екенін жеткізді. Осыған байланысты 5 тамыз күні туристік операторлар мен агенттіктер кездесуін ұйымдастыру туралы келісілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер