«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Жайлы мектеп» – отандық өндірушілерді қолдау

2024 жылғы 30 Шілде
- Шымкент қаласы
6204 просмотров

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Оның ішінде Шымкент қаласында осы ұлттық жоба аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Бұл бір ауысымда – 28 мың, ал екі ауысымда 56 мың жаңа оқушыны білім беру процесімен қамтуға мүмкіндік береді.

2023 жылы үшінші мегаполисте 12 мектептің құрылысы басталды. Бүгінде білім ошақтарының іші әрленіп, инженерлік желілер тартылуда және аулалары абаттандырылуда. Мектептер биыл қолданысқа тапсырылады деп күтілуде. Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қадағалайды.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Шымкентте тағы 6 мектептің құрылысы биыл басталмақ. Ол білім беру ұйымдары 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 369 заманауи мектеп салынады. Бұл 740 мың жаңа оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. Осы тұста құрылысшы компаниялар мен басқа да тауар өндірушілер арасындағы байланысқа көпір болып отырған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына алғыс айтамыз. Жалпы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының ұстанымы – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Ендігі мақсатымыз – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептер жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне тапсырылуы тиіс», – дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілінің айтуынша, бұл жайлы мектептер қандай-да бір шетелдік стандартқа сүйеніп салынып жатқан жоқ. Дегенмен, мектептерді жобалау барысында шетелдік және қазақстандық озық білім ошақтарының тәжірибелері негізге алынған.

«Жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы орта мектептерге қарағанда 15-20 пайызға үлкен болады, сондай-ақ, техникалық жарақтандыруы 4 есеге артып, компьютерлер, интерактивті тақталар сияқты заманауи құрылғылар көбірек болады. Құрылысқа барынша отандық өнім пайдаланылуда. Қазақстандық материалдардың орташа үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Қада, цемент, қиыршық тастан бастап, қасбет және шатыр материалдарына дейін – отандық өнім. Жайлы мектептерге арналған жиһаз да тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бұл ретте басымдық жергілікті компанияларға беріледі», – дейді Марат Қуанышбаев.

Осылайша жаңа типтегі мектептерді жабдықтауға шымкенттік тауар өндірушілер, оның ішінде жиһаз компаниялары жұмылдырылған. Олар мердігерлермен келісімшартқа отырып, оқу құралдарымен жабдықтап жатыр.

Сала мамандары мен сарапшылардың айтуынша, елімізде алғаш рет жүзеге асырылып отырған пилоттық жоба қазақстандық компанияларды, жергілікті тауар өндірушілерді қолдаудың үлкен тетігіне айналып келеді. Бұл кәсіпкерлерді қолдап, ұлттық жобаға бөлінген қаржының ел экономикасына жұмыс істеуіне көмек болады.

Дегенмен, жоба аясында тапсырыс алып, орындаудың өзіндік талаптары бар.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысу үшін тауар өндірушілердің СТ-KZ немесе индустриалды сертификаты болуы тиіс. Себебі, білім беру саласындағы осы ұлттық жобаға сәйкес, мектептердің барлық ғимараттары мен жиһаздары оқушылар мен ұстаздар үшін ыңғайлы, қауіпсіз болуы тиіс. Сонымен қатар еліміздің заңдары бойынша тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіктеріне сәйкес келуі керек. Осы тұста назар аударатын жайт – қазақстандық құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасына сай, білім беру ұйымдары басым түрде отандық өндірістің бәсекеге қабілетті және сапалы тауарларымен жарақтандырылуы тиіс», – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Жауапты мамандар құрылыс компаниялары мен жиһаз өндірушілерге ең басты талап – құрылыс пен оқу жабдықтарының сапалы болуы екенін әлдеқашан жеткізген. Бұл талапты қалалық әкімдік те, білім басқармасының мамандары да қадағалап отыр. Осы мақсатта жылдың басында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жиһаз жасаушылармен, «Жайлы мектеп» жобасына қатысушылармен арнайы кездесті.

Сонымен қатар Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Ержан Сейтеновтың қатысуымен бірнеше жиын өтіп, «Жайлы мектеп» жобасының мердігер компаниялары мен жиһаз өндірушілер бас қосты, түйткілді мәселелерді талқылады.

Ал Шымкент қалалық білім басқармасының өкілі мектеп жиһаздарына қойылатын талаптар жобаны жүзеге асырушыларға жеткізілгенін айтады.

«Шымкент қаласының әкімі ұлттық жобаны жүзеге асыруға қатысты тиісті тапсырмалар берді. Мектеп салушы мердігер компаниялар мен жиһаз цехтары арасында келісімшарттар жасалды. Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерді жабдықтауда қойылатын талап – білім ошақтарын жаңа оқу жылына дейін қажет оқу жиһаз-жабдықтармен дер кезінде қатамасыз ету. Ал ол жиһаздарға қойылатын талапты барлығыңыз білесіздер – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормаларын бекіту туралы» №70 бұйрығын негізге аламыз. Сонымен қатар оқу жиһаздары негізінен ашық түсті болуы керек. Бұл талаптарды біз «Самұрақ Қазына» АҚ-на және құрылыс компанияларына арнайы хатпен жолдағанбыз», – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Саутов.

Осылайша ұлттық жоба отандық кәсіпкерлер үшін, оның ішінде тауар өндірушілер үшін жақсы мүмкіндік болып отыр.

Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте салынып жатқан 12 мектеп құрылысының бас мердігерлері жергілікті 5 жиһаз компаниясымен келісімшартқа тұрған. Бұл жиһаз өндірушілер өздері алған тапсырыстың бір бөлігін жергілікті тағы 4 өндірушіге бөліп берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер