«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мораторийден кейінгі бизнестің жағдайы қалай? Кәсіпкерлер палатасында осы мәселе талқыланды

2024 жылғы 25 Шілде
- Шымкент қаласы
6689 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға кеңес мүшелері, қалалық прокуратураның, құқықтық статистика органдарының жетекшілері, бақылаушы органдар, қалалық әкімдіктің салалық басқармаларының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында Палата директорының орынбасары Майя Исаева кәсіпкерлерге қатысты тексеру туралы баяндама жасады.

«Баршамызға белгілі, 2023 жылдың 31 желтоқсаны күні кәсіпкерлікті тексеруге мораторий күшін жойды. Сол мораторий кезінде шағын бизнес субъектілерін бақылау іс-шаралары мен тексерулер айтарлықтай азайды. Мемлекет басшысының шешімінің нәтижесінде шағын және микробизнес пандемияның қиын кезеңіне төтеп беріп қана қоймай, дами түсті. Ал мораторийдің күші жойылған соң кәсіпкерлік қызметті бақылайтын мемлекеттік органдардың қызметі өзгерді. Шымкент қаласы бойына құқықтық статистика департаментінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың І тоқсанында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 402 тексеру тіркелген (2023 жылдың тиісті кезеңінде – 190, тексерулер 2,1 есеге өсті). 350 тексеру немесе тексерулердің жалпы санының 87 пайызы – жоспардан тыс тексерулер, олар 2023 жылмен салыстырғанда (187 тексеру) екі есеге жуық өсті. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 1537 тексеру тіркелді (2023 жылы – 529). 2024 жылдың басынан бастап 9 тексеруді тіркеуден бас тартылды. Ал 14 тексеру заңсыз деп танылып, мемлекеттік құрылымдардың лауазымды тұлғалары жауапқа тартылды», – деді Майя Исаева.

Палата директоры орынбасарының мәліметінше, бизнесті тексеру санының күрт көбеюі нәтижесінде кәсіпкерлердің әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да арта түскен.

«Құқықты статистика мәліметтері бойыша, 2024 жылдың 6 айында 9 254 әкімшілік іс тіркелген, бұл өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 58 пайызға артық. Тексерулердің әрқайсысы дерлік әкімшілік айыппұл кесілумен аяқталады. Тексеру барысында анықталған бұзушылық саны айтарлықтай өзгермейді, яғни, негізінен өрескел бұзушылықтар анықталмайды», – деп жалғады сөзін Майя Исаева.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім басшысы Айқын Сейдахановтың айтуынша, кәсіпкерлікті қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағыттарының біріне жатады. Департамент тарапынан әр тексерудің негізі мұқият тексеріледі.

«Бизнес субъектілерін тексеруді әр мемлекеттік орган міндетті түрде тексеру актісін тағайындау және оны құқықтық статистика органдарында тіркеу арқылы жүзеге асырады. Тіркелмеген жағдайда заңсыз тексеру деп саналады және жауапты тұлғаларға әкімшілік шара көріледі. Бүгінгі таңда департамент тарапынан кәсіпкерлерге қатысты 1537 тексеру тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 190 пайызға өсті. Себебі – жоғарыда аталып өткендей, мораторий күшін жойды. Алты айдың нәтижесінде 41 жеке кәсіпкерге қатысты заңсыз тексеру анықталып, тиісті лауазымдық тұлғаларға әкімшілік шара қолданылды. 14 тексеруді тіркеуден бас тартылды. Жалпы, кәсіпкерлікті тексеру бойынша мемлекеттік орган қызметкерлеріне тиісті семинарлар өткізіп тұрамыз», – деді Айқын Сейдаханов.

Кеңес мүшелері жиынға қатысып отырған бақылаушы органдардың басшыларын бизнеске қатысты тексерулерді тағайындау және жүргізу барысында ҚР Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген талаптардың бұзылуына жол бермеуге шақырды, себебі негізсіз тексерулер нәтижесінде бизнес тұралап қалып, кәсіпкер уақыты мен қаржысын жоғалтады.

Жиында, сонымен қатар, «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясының» ережелері жеткізілді. Хартияда кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы тұруға бағытталған ерікті міндеттеме және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қабылдаған болатын.

Отырыс қорытындысында кеңес мүшелері кәсіпкерлерге бизнесті тексеру рәсімдері мен тәртібі туралы, олар бұзылған жағдайда қаралатын жауапкершілік шаралары туралы және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұруды ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер