«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкенттік кәсіпкерлерге көпшілік орындардағы қауіпсіздік туралы түсіндірілді

2023 жылғы 22 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
9115 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет көрсету кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата және қалалық Төтенше жағдайлар департаменті, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жетекшілері, кәсіпкерлер қатысты.

Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиевтің модераторлығымен өткен жиынның күн тәртібіндегі басты тақырып бизнесті тексеруге мораторийдің 2024 жылы аяқталуы мен кәсіпкерлік нысандардағы қауіпсіздіктер болды.

Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары азаматтық қорғаныс полковнигі Еркін Отарғалымұлы адам жиі шоғырлататын көпшілік орындардағы төтенше жағдай қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндірді.

«Желтоқсан айы мерекелік іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын кезең екені баршамызға белгілі. Осыған орай ойын-сауық орындары мен мейрамханалардың басшыларына қауіпсіздікті сақтау туралы еске салғымыз келеді. Егер бір мезетте жиналатын адамның саны 50-ден асса, ол нысанның кемінде екі шығатын есігі болуы тиіс. Егер жасы кәмелетке толмағандар жиналса, ондай іс-шаралар 2-қабаттан жоғарыда өткізілмеуі керек. Оған қоса терезелер тормен жабылмаған, қымталмаған болуы тиіс. Сонымен қатар жаппай іс-шаралар өткізілетін нысанның иелері мерекелер қарсаңында ғимараттың төтенше жағдай бойынша қауіпсіздігіне жауап беретін тұлғаны тағайындауы керек. Ол жалпы өрт қауіпсіздігі, көлік тұрағын, төтенше жағдай кезінде арнайы техниканың келу жолдарының болуын, өрт сөндіру гидранттарында судың болуын қадағалайды. Оған қоса мерекелік іс-шаралар кезінде қызмет ететін персонал, яғни, мейрамхана қызметкерлері, келетін аниматорлар мен басқа да тұлғаларға, жаман айтпай жақсы жоқ, төтенше жағдай болған жағдайда қалай әрекет ететіні туралы түсіндірілуі керек», – деді Еркін Отарғалымұлы.

ТЖД бастығының орынбасары, сонымен қатар, өрт шығу себептеріне тоқталды.

«Төтенше жағдайға көбінесе ғимараттан өрт шығуы себеп болады. Ал өрттің тұтануына келер болса, оған қонақтардың жабық нысанда темекі шегуі, ғимараттағы электр сымдарына шамадан тыс салсақ түсуі, пиротехникалық құралдарды қолдану жатады. Тіпті, шыршаға іліп қойған жарықшамдар мен жанатын түрлі жылтырақтар да өрт шығуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан, шыршадағы жарықшамдарды адамның қарауынсыз қалдырып кетуге мүлде болмайды», – деді азаматтық қорғаным полковнигі.

Жиында, сонымен қатар, Шымкент қаласылық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Әсем Дәулетова тиісті нормаларды сақтау туралы түсіндірді.

«Кәсіпкерлер халыққа қызмет көрсетілетін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл тұрғыда кемшілік туындаған жағдайда профилактикалық тексеру барысында көрсетіліп, ол олқылықтар 30 күн ішінде шешілуі керек. Олай болмаған жағдайда нысанға бару арқылы тексерулер жүргізіліп, қателік табылған уақытта тиісті шара қолданылуы мүмкін екенін ескертеміз», – деді Әсем Дәулетова.

Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев шағын және орта кәсіп субъектілерін тексеруге арналған мораторийдің 2024 жылы аяқталатынын тағы да еске салып, кәсіп иелеріне барлық іс-әрекеттерін заң аясында жүргізу керек екенін түсіндірді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер