«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкентте туризм саласының проблемалары талқыланды

2023 жылғы 19 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
9207 просмотров

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Туризм кеңесінің отырысы өтті. Жиынға кеңес мүшелері, Палата қызметкерлері, туризм қауымдастықтарының өкілдері, ТЖД мамандары қатысты.

Алдымен Шымкент қалалық төтенше жағдай департаментінің мамандары 2024 жылдың 1 қаңтарынан шағын және орта кәсіпкерлікті тексеру бойынша мораторий аяқталатынын атап өтіп, жалпы өрт қауіпсіздігін сақтау ережелеріне тоқталды. Ғимараттар мен қонақ үйлердегі өрт қауіпсіздігін сақтау туралы түсіндіріп өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе туристік агенттіктерді ұйымдастыруға байланысты ҚР Заңдарына өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар болатын. Кеңес отырысына қатысушылар осы бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

«Бүгінде таңда туризм саласындағы жағдай баршаңызға белгілі болар деп ойлаймын. Түрлі мамандық иелері, тіпті, жоғары білімі жоқ тұлғалар да онлайн туристік агенттік ашып алатын жағдай жиі кездесуде. Саяхаттаушылардың ақшасын алып, қызмет көрсетпей жабылып қалатын агенттіктер де көбейді. Соның салдарынан осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет көрсетіп келе жатқан біз сияқты тәжірибелі туристік агенттіктерге деген сенімсіздік тудырады. Осыған орай біз – туристік қауымдастық өкілдері туристік агенттік ашатын тұлғаға мынадай талаптар қойылсын деп ұсыныс жасағымыз келеді. Біріншіден, заңды тұлға басшысының жоғары білімі болуы керек. Екіншіден, салалық жоғары білімі болмаса да туристік лицензиясы болуы тиіс. Үшіншіден, заңды тұлғаның құрамында бухгалтер болуы қажет», – деді «Континент тур» ЖК директорының орынбасары Надежда Баимбетова.

Әріптесінің ұсынысын қолдаған «КТИ» РА» ӨРҰ ЗТБ өкілі Ромэлла Пак бұл талаптар алдағы уақытта ашылатын жаңа компанияларға қатысты екенін, ал бұған дейін жұмыс істеп келе жатқан туристік агенттіктер жұмысын ары қарай заң бойынша жалғастыра береуін ұсынды.

Кеңес отырысында, сондай-ақ, туристік агенттіктер мен туроператорлардың өзара әрекеті үшін банктерде эскроу шоттар ашу және туристік саяхат жолдамаларын сатып алған тұлғалардың ол қызметтен бас тарту жағдайына байланысты міндетті сақтандыру механизмін енгізу мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша ҚР Туризм және спорт министрлігіне ұсыныстарды жеткізу үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының туризм департаментіне осы және басқа да мәселелердің шешімі бойынша ұсыныстар жолдау туралы шешім жасалды.

Жиын соңында туризм саласындағы белсенді қызметтері үшін бірнеше турагенттік басшыларына Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының Алғыс хаты табысталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер