Шымкентте «Сапалы өнім» тұжырымдамасы талқыланды
Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Сауда және қызмет салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата басшылары, Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің жетекшілері, кәсіпкерлер қатысып, «Сапалы өнім» тұжырымдамасы талқыланды.
Палата директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев алдымен шымкенттік кәсіпкерлердің «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастыратын ҚР Президентінің «Алтын сапа» республикалық сыйлығын алуға арналған байқауына жыл сайын тұрақты түрде қатысып, жүлделі орын алып жүргенін мәлімдеді. Бұл байқау отандық өнімнің сапасын арттыруға, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруға жағдай жасау және халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту үшін ұйымдастырылады.
Ал сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Оспан Әбиев «Сапалы өнім» тұжырымдамасы іске қосылғанын айтты.
«Мұндағы мақсат – сапалы өнімдер көлемін арттыру, сатылымдағы тауарлар арасынан сапасыз өнімдерді анықтап, шара көру. Осы мақсатта қаламызда ситуациялық штаб құрылды. Оның құрамында біздің департаментімен қоса, санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің, техникалық реттеу және метрология департаментінің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар. Бүгінге дейін азық-түлік, тұрмыстық заттар мен сусындардың бірнеше түріне зерттеу жүргізілді», – дейді Оспан Әбиев.
«Сейдалиев атындағы тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айжан Сейдалиева бүгінге дейін 28 өнімге жасалған зертханалық зерттеудің нәтижесі алынғанын, нәтижелері сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жолданғанын мәлімдеді.
Жиын барысында «Сапалы өнім» тұжырымдамасының мақсаты, халықаралық тәжірибесі, іске асыру тәсілдерін және алгоритмі талқыланды. Қалалық ситуациялық штабтың атқарылған жұмысы жайлы айтылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: