«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкент: Кәсіпкерлер шағымының 90 пайызы реттелді

2023 жылғы 03 Қазан
- Шымкент қаласы
6223 просмотров

Кез келген ел экономикасының негізін шағын және орта кәсіп құрайды. Осы кәсіпкерліктің дамуында мемлекеттік қолдаудан бөлек өз мүддең мен құқығыңды қорғай білу де маңызды. Міне, осы тұста іскерлік қауымдастыққа кәсіпкерлер палатасы көмекке келеді.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау

Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Сол уақытта Оңтүстік Қазақстан облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасы құрылып, 2018 жылы Шымкент қаласы Президент жарлығымен республикалың деңгейдегі қала атанды. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы 2018 жылдың 16 қазанында құрылып, белсенді жұмыс істеп келеді.

Бес жылдың ішінде бизнестің құқығын қорғау бойынша 1200-ден астам өтінім түсіп, оның ішінде 610 шағым шешімін тапты, жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеден астам кәсіпкерлердің құқығы қорғалды. 245 шағын және орта бизнес өкіліне қатысты көтерілген әкімшілік іс және заңсыз әкімшілік айыппұл салу тоқтатылды, ARTSPORT бағдарламасы бойынша жан басына шаққанда қаржыландыру мәселесі шешіліп, 176 бизнес субъекті алдындағы 392,9 млн теңге берешек төленді.

Өңірлік палата тарапынан шешілген сұрақтардың арасында салық мәселелері де бар. Атап айтқанда, кәсіпкерлер көлік тұрағын салуға алған учаскелердің базалық салық мөлшері қайта қаралып, ауыл шаруашылығы жерлеріне базалық салық мөлшерлемесі екі есе азайтылды. 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 20 бизнес субъектінің 106 млн теңге шығынын өтеу процедураларына сүйемелдеу жасалды, 8 жолаушы тасымалдаушы компанияға әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша шығындарына 10,8 млрд теңге субсидия төленді, «Оңтүстік» АЭА қатысушыларының бағам айырмасы мен субсидияға қатысты салық салу жөніндегі мәселелері шешілді.

Сонымен қатар, мыңдаған кәсіпкердің құқығы қорғалды. Атап айтқанда «ҚазТрансгазАймақ» АҚ ШФ тарапынан тауарлы газды бөлшектеп сату келісімшартына қосымша газ жеткізуді мәжбүрлеп тоқтатуды жүзеге асыру мен өнеркәсіптік тұтынушылар берген газ көлемін ай сайын өзгертіп тұруды тоқтату бойынша жасалған шарттың алды алынды. Бұл мәселе 4 мыңнан астам бизнес-субъектісін қамтыған болатын. Салық органдарының шетелдік тұлғалардың қатысы бар заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге алмау туралы талаптары кері қайтарылды.

Жалпы, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің мәліметінше, кәсіпкерлер жиі шағымданатын салалардың арасында жер қатынастары, салық мәселелері көп кездеседі. Сонымен қоса көлік және логистика, мемлекеттік сатып алу саласындағы сұрақтар да өзекті.

– Түскен шағымдардың барлығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірге шұғыл түрде немесе тиісті хаттар жіберу жолымен қаралады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшылығы мен кәсіпкерлер арасындағы кездесулер тұрақты түрде өтіп тұрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірге апта сайын бизнес нысандарын аралау және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қоса, Палата тарапынан түрлі тақырыптағы жадынама шығаруға және оны бизнес өкілдері арасында таратуға қолдау көрсетілді. Осы бес жылдың ішінде Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінде кәсіпкерлердің күрделі мәселелерді шешуге қатысты 50-ден астам отырыс өтіп, онда 86 ауқымды мәселе қаралды, солардың ішінен кәсіпкерлерге қатысты 58 мәселе шешілді, бұл жалпы шағымның 67,4 пайызын құрайды. Әсіресе, құрылыс және жер қатынастары, сатып алу, логистика мен тасымалдау, ауыл шаруашылығы, салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері өзекті болып тұр, – дейді Палатаның кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Майя Исаева.

Жиындарда негізінен кәсіпкерлер тарапынан жер қатынастары, мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлік туралы заңның талаптары бұзу мен әкімшілік кедергілер, кәсіпкерлікке заңсыз араласу, жол құрылыстары кезіндегі кедергілер, салықтық әкімшілендіру кезінде бизнес субъектілерінің құқығын бұзу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезіндегі әкімшілік кедергілер, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, көлік, логистика және т.б. мәселелер көтеріледі.

Палата кәсіпкерлердің мәселесін шешуде жүйелі көмек көрсетуге бағытталған проблемалар реестріне өңірлік бизнес өкілдерінің 86 күрделі мәселесін жіберіп, оның 90 пайызы шешілді. «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірге жыл басынан бері Палатаға бизнес өкілдерінен түскен 12 шағым қарастырылды. Оның ішінде 9 шағым кәсіпкердің пайдасына шешіліп отыр. Негізінен бұл шағымдар салық органдарына, мемлекеттік сатып алулар мен жер учаскелерін бөлуге қатысты.

Кәсіпкерлікті шектеген мемлекеттік органдардың 21 қызметкері жауапкершілікке тартылды (2019 жылы – 2, 2020 жылы – 1, 2021 жылы – 1, 2022 жылы – 9).

Қаржылай емес қолдау

Қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Айдана Бейсебекованың мәліметінше, палатадағы бұл бағыттағы жұмыс 2019 жылдан бері жүргізілуде.

– Палата өңір кәсіпкерлерін жеке кеңес беру түріндегі тегін қызметтер туралы тұрақты ақпараттандырып келеді. Бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу, статистикалық есеп құрау, заңгерлік сұрақтар мен конкурс процедуралары, мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру, бизнес-жоспарларды түзу бойынша сервистік қызметтер офлайн және онлайн көрсетіледі, – дейді Айдана Бейсебекова.

Бөлім басшысының айтуынша, жоба басталғалы бері Шымкент қалалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында шағын және орта бизнеске арналған 7 мыңнан астам сервистік қызмет көрсетілген.

2023 жылдың басынан бері кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Мен – кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуметті дамыту» ұлттық жобасының аясында екі бағыт бойынша тегін қызмет көрсетіледі: «Кәсіпке бағыт» және «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» (ӘКДО). Бірінші бағыт бойынша шағын және орта кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруда анықталған қажеттіліктерге сай құзыреттілік және салалық (бейіндік) оқытылады. Ал «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» кәсіпкер әйелдер мен іскерлік бастамасы бар қыз-келіншектерге, оның ішінде «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бірқатар қызмет ұсынуда.

«Кәсіпке бағыт» жобасының «Мен – кәсіпкер» құралы аясында 2023 жылдың басынан бері шағын және орта бизнестің 46 өкілі детейлинг орталық, кофе бизнесін және тігін өндірісін ұйымдастыру курстарын оқып шықты.

2022 жылдың 15 наурызында Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған, мұнда кәсіпкер әйелдер мен іскерлік бастамасы бар қыз-келіншектерге 7 қызмет түрі көрсетіледі. Оның арасында «Мен кәсіпкер» бағдарламасы аясындағы бейінді және салалық оқыту көп сұранысқа ие болып тұр. Бүгінге дейін осы орталықта 800-ге жуық әйел оқып шықты. Жалпы көрсетілген қызмет саны – 1,5 мыңға жуық. Олардың арасында 75 келуші жаңа мамандық игеріп шықса, 40 адам ментор атанды. Әйел кәсіпкерлерді халықаралық жобаларға қатыстыру бойынша – 48, шағын және орта бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға құрылғыларды таңдау бойынша өндірушілермен 30 кеңес, кооперация, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша анықталған бағыттар (қажеттілік) бойынша 400-ден астам оқу-үйрету курсы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар қала аумағындағы арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтардың қатысушыларына жер учаскесін алғашқы жалға алу құқығын ұсыну мен жалға беру нормалары оңтайландырылды, ҚР «Білім беру» туралы заңына жергілікті атқарушы органдардың білім беру ұйымдарына меншік құқығының түріне қарамастан оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді тарату бойынша өзгерістер енгізілді. Жылыжайларда өндірілетін өнімнің 10 пайызы көлеміндегі негізгі шығындарына субсидия берілді (электр энергиясы, көмір немесе газ, тұқымдар мен материалдар), заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу саласындағы заңдық нормалар мен көші-қон туралы заңның арасындағы айырмашылық анықталды.

Сарапшылық сала

Шымкент қалалық өңірлік кәсіпкерлік палатасының қызметкерлері басқа мемлекеттік органдардың өтінішімен сарапшылық қызметін де көрсетеді. Қалалық палата құрылғалы бері сарапшылық ұйғарым алу үшін 251 нормативтік-құқықтық акті (НҚА) жобасы түскен. Соның арасында 28 пайызы мемлекеттік басқару, 37 пайызы – агроөндірістік кешен, 12 пайызы – әлеуметтік қамсыздандыру, 9,8 пайызы – тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, 5,5 пайызы – салық және т.б. салаларға қатысты болды. Осы 251 НҚА бойынша Палата мамандары «Ескертпе жоқ» белгісімен 189 жобаға (75,3%), «Ескерту бар» белгісімен 62 жобаға (24,7%) сараптамалық ұйғарым берді, ал 43 жоба (17,1%) бизнес субъектілерінің мүддесіне қатысы болмағандықтан, қараусыз қалдырылды.

Осылайша Палата тарапынан кәсіпкерлерді заңнамалық бастамаларға жұмылдыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бизнестің мүддесін қамтитын барлық нормативті-құқықтық актілер өңірдің бизнес-қауымдастығында талқыланады.

Жобаларды сүйемелдеу

– Жобаларды сүйемелдеу бөлімі мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын түсіндірумен, кәсіпкерлерді бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының жүйесіне қосу, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардағы инвестициялық жобаларды, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын, агроөндірістік кешенді сүйемелдеумен және мониторинг жасаумен айналысады. Бөлім сарапшылары қаладағы кәсіпкерліктің, экспорт пен импорттың дамуы туралы сараптама жүргізіп тұрады. Жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурсы аясында Шымкенттегі тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрамыз, түрлі деңгейдегі форумдар, конференциялар мен семинарлар тұрақты өткізіліп тұрады, – дейді қалалық палата директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Бауыржан Бердалиев.

Маманның айтуынша, бөлім отандық тауарларды «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ілгерілетумен белсенді айналысады. Өңдеу өнеркәсіптері мен туризм салалық кеңестерінің жұмысы да осы бөлімге қарасты. Жиындарда осы саладағы нәтижелер мен бизнестің проблемалары талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылады.

Палатаның бастамасымен 2022 жылы қалалық әкімдікпен бірге өңірлік «Іскер қала» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылды. Оның аясында кәсіпкерлер 30 млн теңгеге дейін 1%-бен жеңілдетілген несие, өндірістік парктердегі ғимараттарды жалға алу ақысының 75 пайызына дейін өтемақы ала алады. Сонымен қоса, қаржылай емес қолдау көрсету бөлімі арқылы «Атамекен-Ордабасы» индустриалды аймағы сияқты басқа да жобалар жүзеге асырылды, Шымкент қаласындағы, Өзбекстандағы кәсіпкерліктің дамуына сараптама жасалды, экспорттаушыға нұсқаулық жасалды, «Тауаша жобалар» жобасы аясында жаңа өндірістер іске қосылды.

Адами капиталды дамыту

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы осы уақыттың ішінде мектепке дейінгі, қосымша, техникалық және кәсіби білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік кәсіпкерлік салаларындағы іскер азаматтардың проблемаларын шешуде тиімді диалог алаңына айналды.

Палата директорының әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары Мақсат Өткелбаевтың мәліметінше, 2018 жылдан бері палатада аймақ тұрғындарын қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыстары атқарылуда. Осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарының реестріне Шымкенттегі 100-ден астам оқу орталығы енгізілді. Бүгінде кәсіпорындар жанындағы – 16, өз бетімен істейтін – 15, колледждер жанындағы – 5, қауымдастықтар жанындағы 1 оқу орталығы жұмыс істеп, 5 жыл ішінде 10 мыңнан астам кадр әзірлеп шықты. Жұмысқа орналасу көрсеткіші – 85 пайыз.

2018 жылдан бастап Палата өңірлік дуальды оқытуды дамытуға атсалысып келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша дуальды оқыту жүйесі арқылы 210-нан астам мекеме және 15 колледж арқылы 2 мыңнан астам колледж студенті дайындықтан өтті.

– Жыл сайын жүйелі түрде замауи әдістемелерді қолдана отырып біз өңірдегі кәсіпорындар арасында кадрларға болжамды қажеттілік бойынша сауалнама жүргіземіз. 2023 жылы 5 мыңға жуық кәсіпорыннан сауалнама алынып, 5 800 маман қажет екені анықталды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган жанынан құрылған консультативті-кеңес органдарында кәсіпкерлердің мүдделерін қорғаймыз. 2019 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге мектептер, колледждер мен жоғарғы оқу орындарындағы оқу процесіне «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Жоба аясында 300-ден астам педагог біліктілігін арттырып, 20 мыңнан астам оқушы мен студент осы пән бойынша білім алды, – деп қорытындылады Мақсат Өткелбаев.

Өңірлік кеңестің жұмысы

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанында Өңірлік кеңес жұмыс істеп келеді. 2020 жылдың тамызында кеңес құрамы сайлау өткізу арқылы жаңартылды. Оған жалпы 66 үміткер қатысып, 17 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі дауыс берді.

Қазір Өңірлік кеңесінің құрамына өңірлік бизнес-қауымдастықтың 29 өкілі кіреді, оның ішінде Шымкент қалалық мәслихатының 4 депутаты бар. Өңірлік кеңес мүшелерінің орташа жасы – 42-де, ерлер – 84 пайызды, әйелдер 13 пайызды құрайды.

Кеңес төрағасы – «OTAU Group» ЖШС холдингінің президенті Молдасейітов Қайрат Құсейінұлы. Ірі бизнес өкілдері арасында «SCAT» АҚ, «OTAU Group» ЖШС, «АРТ Құрылыс» ЖШС, «Барыс – 2007» ЖШС, «Экофарм интернейшнл» ЖШС бар. Сонымен қоса «Бал текстиль» ЖШС, «Еврокристалл» ЖШС, ТОО НПО «Зерде» ҒӨБ ЖШС және басқа да белгілі компаниялардың өкілдері мүше. Ірі бизнес өкілдері кеңес құрамының 41 пайызын құраса, қалған бөлігін шағын және орта бизнес (56%) және коммерциялық емес ұйым өкілдері құрайды.

Жалпы, Өңірлік кеңестің жаңа құрамы 24 отырыс өткізді. Оның ішінде ҚР Сауда және интеграция, ҚР Ұлттық экономика министрлерімен – 3 кездесу, Шымкент қаласының әкімдерімен – 2 кездесу, қала әкімнің салаға жауапты орынбасарларымен 11 кездесу ұйымдастырылған. Кеңес отырыстары барысында 129 мәселе қаралды, оның ішінде бизнеске қатысты – 98 сұрақ, ұйымдастырушылық сипаттағы 31 сұрақ болды.

Бұған қоса Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жанында жалпы 7 салалық кеңес бар. Олар – денсаулық сақтау, білім беру, көлік және логистика, туризм, өңдеу өнәркәсібі, сауда және қызмет, құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық салалық кеңестері. Осы кеңестерде биыл 57 отырыс өткізіліп, 70 мәселе қаралды, оның ішінде республикалық сипаттағы – 37, жергілікті сипаттағы 33 мәселе бар. Бүгінде жалпы 29 мәселе шешімін тапты. Қалғандары «Атамекен» ҰКП Департаменттерінде және мемлекеттік органдарда қаралуда.

Салалық кеңестерге 250 кәсіпкер тұрақты мүше, барлығы 17 салалық чат құрылып, оларға өңірдің 1 300-ден астам кәсіпкері енген.

Палата БАҚ беттерінде

Бес жыл ішінде БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының жұмысы туралы 24 мыңнан астам материал жарияланды. Оның ішінде 3 мың материал – БАҚ, ал 21 мың материал – әлеуметтік желіде.

Палата жұмысын көрсету мақсатында медиа, интернет-алаңдар мен social-media (блогтар, форумдар) тиімді қолданылуда. Атап айтқанда, Facebook әлеуметтік желісіндегі «Бизнес в Шымкенте» тобында 14 мыңнан астам қатысушы бар.  Телеграмда «Бизнес штаб Шымкент» тобы (553 жазылушы), ал Инстаграмдағы Shymkent Atameken аккаунты ашылған (11 200 оқырман).

WhatsApp мессенджерінде бизнес өкілдерімен 20 салалық чат құрылып, оның әрқайсысында 350-ден 500-ге дейінгі қатысушы қамтылған, кейбір чаттарға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірген (чаттар салалар бойынша бөлінген: құрылысшылар, ұн өндірушілер, текстиль, машина жасау, фармацевтер және медициналық ұйымдар, жанармай сатушылар, экспорттаушылар, табиғат қойнауын пайдаланушылар, агроөнеркәсіп, жарнама компаниялары, бухгалтер, жас кәсіпкерлер, әйел кәсіпкерлер, тағам өндірісі, арнайы экономикалық аймақтар, балабақшалар мен т.б. салалық чаттар). Барлығы 2,5 мыңнан астам қатысушы отыр.

Бұл чаттарға Палата жұмысы туралы ақпараттар мен саладағы жаңа мәліметтер, іскерлік жаңалықтар, экономика және бизнес тақырыбындағы өзекті мәліметтер, шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған кеңес беру, үйрету және тренинг бағдарламалары жіберіліп тұрады.

Палата мамандары мен кәсіпкерлер арасындағы пікір көшбасшылары және сарапшылар қауымдастығы арасында ақпараттық жұмыс жүйеге қойылған, олар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының шағын және орта бизнестің мүддесін қорғау аясындағы еліміздің заңнамалары мен нормативтік актілеріне өзгерістер енгізу бойынша жұмысындағы жетістіктерін көпшілікке жеткізуге жұмылдырылады. Осы мақсатта ниеттес БАҚ пулы құралған.

Бизнес қауымдастықпен және БАҚ-пен тікелей байланыс, сонымен қоса, заманауи PR құралдарын қолданудың нәтижесінде кәсіпкерлер мен жергілікті БАҚ тарапынан өңірлік палатаға деген ниеттес қарым-қатынас түзілді. Соның нәтижесінде есепті мерзім кезінде палата жұмысына ұзақ мерзімді сын болған жоқ.

Бизнесті қорғау жүйесі бойынша жұмыс жалғаса береді. Палата адал кәсіпкерлерді алдағы уақытта да қолдауға дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер