«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ҚҚС жоғарылату отандық өнімдерді қымбаттатады – шымкенттік кәсіпкерлер

2023 жылғы 26 Қыркүйек
- Шымкент қаласы
7965 просмотров

Елімізде қосымша құн салығының мөлшерлемесі көтерілсе, отандық өнімдердің де бағасының қымбаттауына әкеп соғады. Осылай деген кәсіпкерлер бұл бастамамен келіспейді.

Айта кетейік, 2025 жылы жаңа салық кодексі күшіне енген кезде қосылған құн салығының мөлшерін көтеру көзделген. Бұл жаңалыққа кәсіпкерлер қазірден бастап алаңдап отыр. Іскер азаматтардың айтуынша, ірі өндірушілер сатып алатын тауарларға қосылған құн салығы көтерілсе, кәсіптің кірісі төмендейді дейді. Солардың бірі – Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Тахирбек Нишанбаев.

­­­­­­– Өз салама қатысты айтатын болсам, ауыл шаруашылығы өнімдерінің шикізатына қосылған құн салығы қойылмайды. Мысалы, біздің кооператив сүт өнімдерін шығарады, қайта өңдейді. Айталық, «Бәйтерек Агро» қожалығы жеке шаруадан сүттің литрін 200 теңгеден алса, қайта өңдеп, 300 теңгеге сатады делік. Ал жаңа заң күшіне енсе, онда біздің өндіріс орны енді шикізатты сатып алған 200 теңгеге де, өнімнен тапқан 100 теңге кіріске де салық төлейді. Оған қоса басқа салықтар мен шығыстар бар екенін ескерсек, кәсіпкердің кірісі азаюы әбден мүмкін, – дейді «Бәйтерек-Агро» ауыл шаруашылығы-өндірістік кооперативінің құрылтайшысы Тахирбек Фархадұлы.

Осылайша кәсіпкер ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілсе, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдеріне теріс әсер етеді деген пікірде. Айтуынша, тауарлардың өзіндік құны өзгереді, өндірушінің кірісі төмендейді. Ал пайдасыз кәсіппен ешкім айналыспайтынын айтқан бизнесмен қазір нарықта көрші елдерден жеткізілген арзан шұжық пен ірімшік өнімдерінің көбейіп кеткенін алға тартады.

Жерлесінің пікірімен Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің тағы бір белсенді мүшесі Абдуғали Сейдуалиев те келіседі. Жарнама саласында айналысатын азамат қосылған құн салығы жоғарылаған жағдайда бұл саладағы жұмыс тоқтап қалуы ғажап емес дейді.

­– Қосылған құн салығының жоғарылауы біз сияқты жарнама жасаушылардың да қызметіне кері әсер етеді. Мысалы, біз тауарларды – баннер, қосымша жабдықтарды, битум, шыны, бояу сияқты тауарларды сатып аламыз. Әрине, ҚҚС мөлшері осы тауарларды сатушыларға да қатысты көтерілетіні анық, сонда олар да кәсібіне шығын болмас үшін бағаны көтереді. Тиісінше біз де өз қызметімізге, өнімдерімізге бағаны қымбаттатуға мәжбүр боламыз. Соның салдарынан нақты екі теріс әсерді көріп отырмын. Біріншісі – клиенттеріміздің азаюы. Екіншісі – өнім бағасының қымбаттауы, – дейді облыстық жарнама агенттіктері қауымдастығының төрағасы Абдуғали Сейдуалиев.

Кәсіпкерлер ҚҚС мөлшерлемесінің қазіргі 12 пайыз күйінде қалғанын қолдайды. Соның өзі отандық өндірушілерге қолдау дейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер