«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада балабақшаларға енгізілген «фейс-бақылау» жүйесі өз мақсатын орындай ала ма?

2023 жылғы 25 Тамыз
- Қызылорда облысы
8704 просмотров

Биыл шілдеден бастап Қызылорда облысындағы барлық балабақша иелері балаларды бақшаға «фейс-бақылау» арқылы кіргізіп жатыр. Жоба пилот режимінде жүзеге асырылуда. Қыркүйектен ресми енгізілмек. Аталған жүйе өз мақсатын орындай ала ма?

Бұл сұрақ Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында жеке балабақша иелерінің қатысуымен өткен кездесуде талқыланды.

Шараға Палата директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Қазақстанның үздіксіз білім беру Қауымдастығының төрайымы Лейла Куленова, облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова, облыстық білім басқармасының, қалалық білім бөлімінің өкілдері мен балабақша құрылтайшылары қатысты.

Маусымда облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бюджет қаражатының мақсатты жұмсалу мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға арналған мәжіліс өтеді. Шарада балабақшаларға зерделеу жұмысын жүргізу барысында оған баратын бала санына қатысты кемшіліктердің анықталғаны айтылды. Мәселенің шешімі ретінде балабақшаларға «фейс-бақылау» жүйесін енгізу таңдалады. Осылайша сол шарада қабылданған хаттамамен шілде-тамыз айларында барлық балабақшаға «фейс-бақылау» жүйесі енгізілді.

Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде балабақша иелері пилот жобаның проблемаларын жеткізді.

Балабақша иелерінің бірі Салтанат Балжанова тәрбиешілердің негізгі міндетіне зиянын тигізбес үшін «фейс-бақылауды» күнделікті өзі жүргізетінін жеткізді. Ол пилотқа ұсынылған механизмнің ыңғайсыз тұстарына тоқталды.

«Бұл жобаны енгізген жағдайдың өзінде жетілдіру керек. Біріншіден, әр баланы «фейс-бақылаудан» өткізу үшін телефонмен суретке түсіріп отыру керек. Оның үстіне кей бала суретке түскісі келмей жылап, қарсылық білдіреді. Менде бір бала басын жаралап, енді бірі кіші дәретін жіберіп қойған жағдай болды. Жақында мобильді қосымша жаңартылды. Міне содан бастап самсунг маркалы телефонмен кіре алмай қалдым. Айфон болуы керек екен. Бұны қалай түсінеміз? Екіншіден, облыстық, қалалық білім басқармасы, бөлімінен нақты құжатпен берсеңіздер тапсырманы. Біз келісімшартқа енгізіп, ата-аналардан ресми рұқсат сұрайық», – деді Салтанат Балжанова.

Шараға мобильді қосымшаны құрастырушы «Jsoft» ЖШС өкілі шақыртылған еді, бірақ келмеді.

Қазақстанның үздіксіз білім беру Қауымдастығының төрайымы Лейла Куленова бұл қадам балабақшаның жұмысына кедергі келтіріп, балаға қолайсыз болса өзге жол іздеу керек екенін жеткізді.

«Фейс-бақылау» болмағанның өзінде балалардың бақшаға нақты баратынын көрсететін өзге де бақылау түрін енгізу керек. Онсыз болмайтынын көріп отырмыз. Бірақ мына пилот жобада қолданған тәсілге өзге альтернатива іздеу керек. Себебі қандай бақылау түрі енгізілсе де ол балабақшаның оқу-тәрбие бағдарламасына зиянын тигізбеуі тиіс. Баланы айтпағанда, үлкендер – біздің өзімізге егов, банк қосымшаларында face id-дің «оңға, солға қара» деген сұраныстары жайсыздық тудырады. Онсыз да таңертең ұйқысы шала баланың көңіл-күйіне әсер етпей қоймайды. Ал ол тәрбиешілердің жұмысына да кедергі болады», – деді Қауымдастық төрайымы.

Лейла Куленова бағдарлама құрастырушылары пилот жобаның нәтижелі жүзеге асырылуына мүдделі болуы керек екенін атап өтті.

«Ол үшін балабақшаларда көмектесуге әзір. Тек ол тәрбиешілерге де балаларға да ыңғайлы болуы керек», – деді Лейла Куленова.

Облыстық білім басқармасының өкілі Зарипа Матжанова өңірде балабақшалардың 95 пайызы осы пилот жоба аясында жұмыс істеп жатқанын айтса, қалалық білім бөлімінің әдіскері Жанат Сәрсенбай облыс орталығындағы 249 балабақшаға түгел пилот жоба енгізілгенін жеткізді.

Облыстық білім басқармасының жоспары бойынша қыркүйектен бастап «фейс-бақылау» жүйесі балабақшаларға толық енгізіледі. Оған биылға бюджеттен 97 млн теңге қарастырылған.

Облыстық мәслихат депутаты Балжан Шәменова бағдарлама құрастырушыларымен келісімшарт жасау барысында осы жағын ескеруді ұсынды.

«Техникалық тұрғыдан бұл жұмыс қалай ұйымдастырылады? Қандай жүйеге кіреді? Оны облыстық білім басқармасы айту керек. Ертең келісімшартқа қалалық, аудандық білім бөлімдері қол қояды. Басқарма оған құзырет берген. Қазіргі келісімшартта «мониторинг жүргізеді» деп қана көрсетілген. Бірақ ол қалай жасалады? Оны көрсетпеген. Мәселе бар», – деді Балжан Шәменова.

Кездесу қорытындысымен облыстық білім басқармасына пилот жобаға қатысты айтылған ұсыныс-пікірлер мен кемшіліктерге талдау жасап, нәтижесімен бағдарлама құрастырушыларына жүктелетін техникалық сипаттамада нақты механизмдерін көрсету ұсынылды.     


Еншілес ұйымдар

Серіктестер