«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордадан шығатын өнімдердің жинағы әзірленеді

2023 жылғы 12 Қаңтар
- Қызылорда облысы
8981 просмотров

Кәсіпкерлер палатасы биыл бизнестің негізгі мәселелерін салалық комитеттерде қарап, жергілікті өнімдердің жинағын әзірлеуді, сондай-ақ өңдеуге арналған жобаларды сүйемелдеуді жоспарлап отыр.

Осы және өзге де ақпараттарды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

«Жалпы өңірден нақты қандай өнімдер өндіріліп жатқаны жөнінде арнайы жинақ не платформа жоқ. Әріптестермен ақылдаса келе биыл Қызылордада шығатын өнімдердің жинағын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін алғашқы жинаған ақпараттарымыз да бар. Өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына 60-қа жуық жергілікті тауарөндіруші қатысты. Осы кәсіпкерлердің ақпараттары бар. Биыл бұл тізімді толықтырамыз», – деді  Палата басшысы.

Сонымен бірге кәсіпкерлердің жүйелі мәселелері енді Палата жанынан құрылған салалық комитеттерде қаралатын болады.  

«Кәсіпкерлер палатасы жанынан бес салалық комитет құрдық. Өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты, сауда, қызмет көрсету және туризм, сондай-ақ құрылыс комитеті. Былтыр жылдың аяғында белсенді, нарықта тәжірибесі бар кәсіпкерлерді осы комитеттерге мүшелікке енгізіп, араларынан төрағаларын анықтап алдық. Енді бизнес өкілдерінің мәселелері осы комитеттерде қаралады, шешу жолы талқыланады, мемлекеттік және өзге де ұйымдарға ұсыныстар комитеттердің атынан жолданады», – деді Пірмұхаммед Сыздықов.

Кәсіпкерлер палатасының басшысы биыл өнімдерді өңдеуге арналған жобаларды сүйемелдеуді қолға алып жатқанын жеткізді.  Жыл соңына дейін әр ауданнан ең кемі бір жобадан шығаруды жоспарлап отыр.

Атап өту керек, өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері екі жарым мыңнан астам азаматқа 8 мыңнан астам кеңес беріп, тоғыз жүзге жуық кәсіпкерге 949 сервистік қызмет көрсетті.

Мыңна аса кәсіпкердің құқығын қорғап, бір млрд теңгеге жуық ақшасын сақтап қалды.

Қызылордалық бизнес өкілдері Кәсіпкерлер палатасынан 1829 экспорттық, 117 «СТ-КЗ» сертификатын алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер