«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік кірістер органдары кейбір кеден алымын заңсыз алады – Ұлттық палата

2023 жылғы 12 Қаңтар
8396 просмотров

Мәселе қазақстандық тауарлар мен құны төмен тауарларды (200 еуроға дейін) ресімдеу үшін кедендік алымдарға қатысты. Көлік прокуратурасының ұйғарымдары бойынша енді сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар бұрын төленбеген кедендік алымдарды 20 мың теңгеден төлеуі тиіс. Атап айтқанда, тауарларға декларация ретінде оңайлатылған тәртіппен берілетін әрбір тізбе мен өтініш қаралады.

Еске салайық, жеңілдетілген тәртіп арнайы экономикалық аймақтарға (АЭА), соның ішінде: «Астана – жаңа қала», «Павлодар» және «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі»  аумағына әкелінетін қазақстандық тауарлар үшін арнайы әзірленген.

ҰКП Кедендік әкімшілендіру департаментінің директоры Дина Мамашеваның айтуынша, елордада құрылыс компаниясы 2019-2020 жылдары 411 тізім бойынша ресімдеудің жеңілдетілген тәртібін пайдалана отырып, қажетті материалдарды әкелген жағдай тіркелген.

«Енді мемлекеттік кірістер органдары әр тізілім бойынша 20 мың теңге көлемінде кеден алымын төлеуді талап етіп жатыр. Демек компанияға бүкіл мерзімге 8 млн теңгеден астам сома өсімақы төлеу керек. Бәрін қосқанда 12 млн теңгеге жуық. Қазір бұл құрылыс компаниясы Қаржы министрлігі жанындағы апелляциялық комиссияға шағымданды. Тура осындай шағымды тағы бір құрылыс компаниясы жазған, онда заңсыз салынған кеден алымы 50 млн теңгені құраған», – деді Дина Мамашева.

Спикер тізімдерден басқа өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап ҚР халықаралық әуежайларындағы кеден бекеттеріндегі әрбір өтініш үшін 20 мың теңгеден кедендік алым салынғанын айтты. Мұндай талаптың енгізілуі 200 еуроға дейінгі импорттық тауарларға қосымша шығын жұмсауға әкелді. Мұндай шығындар тауарлардың құнын күрт арттырды.

«Бұл практика халықаралық стандартқа қайшы. Стандартқа сәйкес кез келген бағасы арзан тауар кеден төлемдерінен босатылады», – деп түсіндірді Дина Мамашева.

Сонымен қатар, DHL Express курьер компаниясы өзгеріске байланысты Ұлттық палатаға құны төмен жүктер бойынша барлық экспорттық-импорттық операцияны толығымен тоқтатуға мәжбүр екенін хабарлады.

Компания есебі бойынша егер кеден алымы декларация деңгейінде емес, жеке ілеспе құжаттар деңгейінде төленетін болса, онда 1 экспресс-жеткізуде 500 ілеспе құжат болуы мүмкін, сонда кеден алымы 20 мың теңге емес, 10 млн теңгені құрайтын болады.

Бұл шара бүгінде әлемдік электрон сауданың қарқынды өсуі жағдайында дамуға тырысып жатқан отандық интернет-дүкендердің жұмысына кері әсерін тигізді. Бәрі де жұмысын тоқтатты.

«Мәселені шешу үшін бірден бірнеше мемлекеттік органды талқылауға шығардық. Нәтижесінде Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің аумақтық органдарына тауарларды оңайлатылған тәртіппен декларациялағаны үшін кедендік алымдарды төлеу бойынша өндіріп алудың күшін жою  және СЭҚ қатысушыларына қате төленген ақшаны қайтару туралы нұсқау жіберді. Осыған қарамастан, бүгінде Мемлекеттік кірістер органдары еркін экономикалық аймақтарда да, әуежайларда да кедендік алымдарды төлеуді талап етуді жалғастырып жатыр», – деді Ұлттық палата өкілі.

Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдарға бұл мәселені тек заңнамалық деңгейде шешуді ұсынды, өйткені құқықтық нормалардың өзге де түсіндірмелері заңды болмауы мүмкін.

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер