«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жолаушылар тасымалы мен мал шаруашылығы: түркістандықтар қандай мақсатта жеңілдетілген несие алады

2022 жылғы 07 Шілде
2871 просмотров

Елімізде кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын деген азаматтар үшін мемлекет тарапынан түрлі құрал бар. Солардың бірін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) ұсынады. Мекеме кәсіпкерлерге 6 пайызбен жеңілдетілген несие береді. 2022 жылғы 1 шілдегі жағдай бойынша елімізде 2288 бизнес жоба МҚҰ арқылы қаржыландырылған.

Бүгін біз МҚҰ арқылы несие беруде көш бастап тұрған өңірдің бірі – Түркістанның микроқаржы ұйымының директоры Мәди Ибадуллаевпен сұхбаттастық. Маман кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие алудағы басты қиындықтарынан бастап, қаржы алып, кәсібін гүлдендірген үй шаруасындағы бизнесмендер туралы айтып берді.

Микроқаржы ұйымы арқылы несиені кімдер және қалай алады?

Микроқаржы ұйымынан несиені өзінің бизнес жоспары бар, арнайы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік негізін оқыған сертификаты бар азаматтар ала алады. Бұл ретте айта кету керек, «Бастау Бизнес» сертификатының мерзімі шексіз, ал басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыған сертификаттар, мысалы «Бизнес кеңесші», «Бизнес мектеп», «Бизнес өсу» секілді сертификаттардың мерзімі үш жылға жарамды. Осы сертификаттары бар, несие тарихы соңғы екі жылда таза болған азаматтарға МҚҰ тарапынан несие беріледі. Олардың ИП-сы жоқ болса, ИП ашып береміз. ИП-сы болса, сол бизнесін ұлғайтуға несие ала алады. МҚҰ-ның екінші деңгейлі банктерден және басқа мемлекеттік қолдау бағдарламасынан осындай артықшылығы бар.

Микроқаржы ұйымдарының басты ерекшеліктері: кәсіпкер үшін тиімді тұстары қандай?

Біздің микроқаржы ұйымның басты ерекшелігі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының қызметкерлері сол ауданның деңгейінде бүкіл құжатты жинауға көмектеседі. ЭЦҚ кілтін алып беруден бастап, құжатты түгел жинауда, бизнес жоспар жасауда сүйемелдейді. Негізгі ерекшелігі – осы. Кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Себебі ауылдық азаматтар несие үшін облыс орталығына – Түркістанға барып, әуреге түспейді. Өзінің ауданындағы орталықта өтінім беріп, құжаттарын реттейді.

Несие аларда кәсіпкерлер қандай қиынтықтарға: құжаты жеткіліксіз тағы басқа жағдайларға тап болады және оған қалай көмектесесіз?

Несие алушылардың ең бірінші тап болатын қиындығы – кепіл құжаттарының, яғни үйінің немесе ғимараттарының құжаттарының дұрыс болмауы. Қалған қиындықтар жұмыс барысында шешіледі. Негізінен Палата филиалының қызметкерлері көмектеседі. МҚҰ заңгерлері кеңес береді. Соңында мамандар мен заңгерлердің сүйемелдеуімен кәсіпкерлер несие алады.

Түркістан облысында қанша кәсіпкерлік МҚҰ арқылы несие алды?

Жалпы Түркістан облысында бүгінде микроқаржы ұйымы арқылы 195 кәсіпкер 1 млрд 600 млн теңгенің несиесін алды. Бұдан бөлек қазір 66 кәсіпкердің жобасы 450 млн теңгеге шешімін алып, құжаттарын реттеп жатыр. Бір аптаның ішінде алады. Сонда 261 несие алушыға 2 млрд 56 млн теңгеге оң шешім шықты.

Биыл сіздің өңіріңізге қанша теңге бөлінді? Қаншасы игерілді?

Түркістан облысы үшін 2021-2022 жылдарға 2 млрд 464 млн теңге несие бөлінді. Бұл қаржыны 300 кәсіпкерге үлестіруіміз керек. Жалпы жоспар бойынша дұрыс келе жатырмыз. Тамыздың соңына дейін толық игереміз.

Көбіне қай салаға несие беріліп жатыр?

Несие алушылардың саны бойынша қарайтын болсақ, мал шаруашылығын дамытуға көп несие беріледі. Ал несиенің сомасы бойынша алып қарасақ, 50 пайызы мал шаруашылығын дамытуға, 50 пайызы қызмет көрсетуге беріледі. Себебі Түркістан қаласы, Кентау қаласында әр несие алушыға 6,5 мың АЕК, яғни 19 млн 900 мың теңге – берілетін максимал сома. Сондықтан әр несиенің сомасының жоғары болуына байланысты, қаржылай эквивалентте екі салаға тең келеді деп айтуға болады.

Өңірдегі микроқаржы ұйымынан несие алып, кәсібін гүлдендірген кәсіпкерлер туралы айтып берсеңіз.

Мұндай кәсіпкерлер көп. Сауда-саттық, қызмет көрсету саласында, үй шаруашылығында отырған әйелдер де кәсібін дөңгелетуге жеңілдетілген несие алды. Мысалы, бір келіншек үйде отырып, жолаушылар тасымалымен айналысатын қызметіне несие алды. Қазір жұмысын дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек Қазығұрт ауданында шағын дүкен иесі құрал-жабдық үшін несие алып, дүкенін ұлғайтты. Мұндай мысалдар көп. Яғни, жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген адамға жол ашық. Несие алғандардың бәрі кәсібін жүргізіп отыр. Бағдарламаның басты мақсаты да – осы.

Қысқа анықтама:

Биыл елімізде 2,2 мыңға жуық жобаға микроқаржы ұйымдары арқылы несие берілді

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты микроқаржы ұйымдары биыл 13,4 млрд теңге жеңілдетілген несие берді.

Несие алғандардың көшін 349 жобамен Жамбыл облысы бастап тұр. Содан кейін 266 жобаны қаржыландырған Қарағанды облысы және Түркістан облысында несие алған 191 жоба іске асырылып жатыр.

Сондай-ақ, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары микроқаржы ұйымдары несие берген тізімнің соңғы жағына орналасты.

Жалпы алғанда ел бойынша микроқаржыландыруға бөлінген 22,5 млрд теңгенің шамамен 60% игерілді. Бұл ретте Қостанай, Маңғыстау облыстарында игеру көлемі 100 пайызды көрсетті.

Айта кетейік, 2021 жылы микроқаржы ұйымдары арқылы 1095 жобаға 6,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несие берілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер