«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодар облысында Ashyq жобасының 21 көшбасшысы анықталды

2021 жылғы 22 Шілде
- Павлодар облысы
6151 просмотров

Облыста бүгінде Ashyq жобасына 776 бизнес өкілі қосылды.

Кәсіпкерлерден тағы 120-ға жуық өтінім қарауда жатыр. Жобада 2-апталық жұмыс нәтижесінде келушілерді тіркеу бойынша жоғары нәтижеге жеткен  көшбасшылыар, сонымен қатар аутсайдерлер анықталады.

 Мұндай ақпаратты Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов хабарлады.

«Ashyq жобасының талаптарын бұзған 11 қатысушы жобадан 2 аптаға 14 шілдеден 28 шілдеге дейін шеттетілді. Бұдан бөлек, 2 апта ішінде келушілерді тіркемеген (check-in), тіркеу саны 20 реттен аспайтын 103 аутсайдер бар. Мониторинг топтары осы нысандармен жұмыс жүргізіп жатыр. Осы ретте Ashyq жобасына жауаппен қарап, барлық талаптарды тиянақты орындап жатқан нысандардың бары қуантады. Бізде мұндай 21 нысан бар», – деді Серік Сәдуақасов.

 Қазақстан Республикасының Бас санитар дәрігерінің №26 қаулысына сәйкес «Ashyq көшбасшылары» статусын берудің белгілі бір критерийлері бар.

Мысалы, қоғамдық тамақтану объектілері, караоке, компьютерлік клубтар, лотерея клубтары, спорт кешендері, сауналар, фитнес-орталықтар, бассейндер, театрлар, филармониялар, концерт залдары, кинотеатрлар, көрмелер, туристік тасымалдар, океанариум, балалар ойын-сауық орталықтары (жабық), цирктер 2 апта ішінде 1000-нан астам тіркеу жүргізген кезде «Ashyq көшбасшылары» статусын алады.

 Ал бильярд және боулинг клубтары, СПА-орталықтар, отельдер, қонақ үйлер егер 2 апта ішінде 500-ден астам тіркеу жүргізсе, жоба көшбасшылары атанады.

«Ashyq көшбасшылары» статусы 2 апталық мерзімге беріледі.  

 Көшбасшылар тізімі облыс әкімдігінің сайтына жарияланады.

 Ashyq жобасына қатысу өтінімдері InfoKazakhstan.kz сайты арқылы берілетінін айта кету керек.

 Өтінімді беру және тізімнің әкімдік сайтына жариялануына дейін бүкіл процесс 9 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.

 Егер кәсіпкерлерде Ashyq жобасына қатысты сұрақтар туындаса, Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасына хабарласуды сұраймыз. Анықтама телефондары: 8/7182/660311 ішкі: 5502, 5510, 5518.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер