«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматы облысында шағын индустриялық аймақтар дамытылуда

2018 жылғы 14 Ақпан
- Жетісу облысы
5575 просмотров

Аймақтардың бірінде 10-ға тарта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді

Талдықорған қаласында «Талдыкорганэлектросетьстрой» ЖШС базасында Алматы облысындағы алғашқы шағын индустриялық аймақ іске қосылды. Жоба Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы және Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдуымен жүзеге асырылды. Өткен жылдың соңында тараптар арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылған. Шағын индустриялық аймақтарды дамыту  тоқтап қалған кәсіпорындар негізінде бизнес-инкубатор ашуға негізделген. Жүргізілген мониторинг бойынша облысымызда 13 тоқтап қалған кәсіпорын анықталды.

«Талдыкорганэлектросетьстрой» 1948 жылы Талдықорғандағы «Казэлектромонтаж» механикаландырылған лек тресті негізінде құрылған. Компания құрылыс және монтаждау жұмыстарымен айналысып келген. Кәсіпорын алаңында 12,6 га жер аумағы, жекеменшік әкімшілік ғимараты, металл құрастырылымдар цехы, қоймалар мен көлікжайлар бар. Шағын индустриялық аймақ ашу жобасын іске асыру нәтижесінде кәсіпорын аумағында 10-ға тарта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп жатыр.

«Кәсіпкерлерге жалға алу бағасы бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Жалға алу құны нарықтық бағадан төмен. Кәсіпкерлік нысандарына қажетті инфрақұрылым тартылған. Сонымен бірге, бос жер аумақтарында кәсіпкерлер құрылыспен айналысып, жаңа нысандарды аша алады. Шағын индустриялық аймақтарды ашу мен дамыту шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандырудың тағы бір механизмі болып табылады. Жоба жер ресурстарын тиімді пайдалануға, тоқтап тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға септігін тигізеді», - деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әсет Шаяхметов.

Бүгінгі таңда индустриялық аймақ аумағында ателье, құрылыс машиналарын жөндеу цехы, металл құрастырылымдар цехы, полиэтиленді өңдеу цехы, шеберхана цехы, пластик терезелерді шығаратын цех, кондитерлік цех, ТЖО жұмыс істеуде.

«Талдыкорганэлектросетьстрой» ЖШС директоры Қайролла Ибрагимовтың сөзінше шағын индустриялық аймақ ашу жобасы тоқтап тұрған кәсіпорынға жаңа тыныс берді.

«Кәсіпорын жұмысына қатысты қиындықтарды 2014 жылдан бастап сезіне бастадық. Әр түрлі жағдайлар орын алды, компанияны қайта жандандыру бойынша көп ойландық. Кәсіпкерлер палатасының демеуімен біздің кәсіпорын жаңа өмірін бастады. Әрине, жағдайымыз әлі де күрделі болып тұр. Оңалту процедурасын өтуге дайындалып отырмыз, есепшоттарымыз ашылады. Біз қызметімізді қайтадан бастаймыз», - деді Қайролла Ибрагимов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының ақпаратынша алдағы уақытта Талдықорған қаласында «Дархан и К» кәсіпорны негізінде шағын индустриалды аймақты ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер