«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қайырымдылық жылы жүректен шығады

2018 жылғы 01 Ақпан
- Шымкент қаласы
8807 просмотров

Атамекенім акциясы аясында шымкенттік кәсіпкер әйел қолынан келгенше қайырымдылықпен айналысып келеді

Қыстың қақаған аязында таң атпастан қолдарына сыпырғышын алып, көше-көшелерді аралап, қаланың тазалығын қамтамасыз ететін жандардың жұмыстары ауыр екені бәрімізге белгілі. Осындай жандардың еңбегін бағалап, ОҚО Кәсіпкер Палатасы жанындағы Іскер әйелдер қауымдастығы мүшесі Нұржамал Миржибаева ыстық тамағы мен сусындарын алып, коммуналдық қызметкерлерді тамақтандыруға асықты.

Кәсіпкер әйел былғары сөмкелер мен аксессуарлар шығарытын шағын кәсіпті дөңгелетіп отыр, сонымен қатар өз мамандығы бойынша Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде магиистранттарға сабақ та береді.

«Мен өзімнің сүйікті ісіммен табыс табуға мүмкіндік бергені үшін Аллаға ризашылығымды білдіремін. Дизайнер әрі мұғалім мамандығымды жақсы көремін. Бірақ, мен құлшына жасайтын  тағы бір жұмыстардың бірі бұл қайырымдылық шаралары. Іскер әйелдер қауымдастықтарында біз, шымкенттік көп балалы жалғыз басты аналарға, мүгедек балалары бар аналарға, қиын жағдайға тап болған адамдарға қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз», – деді кәсіпкер.

«Қайырымды жан» акция аясында тек қана коммуналдық қызметкерлерге ғана емес, мұқтаж жандарға да аптасына екі рет тамақтандырып, көп балалы жалғыз басты аналарға да қолынан келгенше қарайласып та тұрады. Қарап тұрсаңыз, кез келген адамның қолынан келетін шаруа, бірақ көбісі бара бермейтін іс.

«Менің анам үнемі айтып отыратын «қайырымдылық жасаған кезде оң қолың не істегенін сол қолың білмесін» дейтін, бірақ, бұл шаралар кейбіреулерді жақсылық жасауға ынталандыратын болса, неге бөліспеске? Қайырымдылық туралы көп әңгімелесуге болады, кем дегенде, қолдан келетін жақсы  іс жасау керек деп ойлаймын», – дейді кәсіпкер әйел.

Нұржамалдың бес жасар ұлы бар. Ол да анасына қарап үлгі алып өсіп келеді. Кейбір балалардың ойыншығы түгілі ішерге асы да болмай қалатындығын ол біледі. Сондықтан Аллаға осы өміріне күнде шүкіршілік етіп, өзінің ойыншықтары мен тәттілерімен бөлісіп отырады. Ол өз анасына мұқтаждарға азық түлікті үйлестіруге, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға мектепке қажетті заттарды алуға көмектесіп, ақ көңіл азамат болып өсіп келеді.

Айта кету керек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенім» жалпыреспубликалық акциясын жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысының биылғы халыққа Жолдауында айтылғандай, әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылық мәдениетін дамытуға бағытталған игі шаралардан өңіріміздің тұрғындары  тыс қалмағаны қуантады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер