«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкент қаласының кәсіпкер әйелдері «Аналар үйіне» тосын сый жасады

2018 жылғы 03 Қаңтар
- Шымкент қаласы
4939 просмотров

Кәсіпкерлер Жаңа жылдық сыйларын табыс етті

«Аналар үйіндегі» жаны жомарт кәсіпкер әйелдер балалар мен аналарға ерекше тосын сый жасап, мерекелік шаралар ұйымдастырды. Бір қап тәттісін арқалаған Аяз ата барлық аналарды және балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. 

24 жасар Диана Дүйсенова басына түскен қиындықтарға байланысты қазір «Аналар үйінің» қамқорлығында. Жаңа жылда өткенді ұмытып,  жаңа өмір бастауға бел буған ол, орталыққа келуге қандай себеп болғанын айтуға батпады. Диана мекемеде өзін бақытты сезінетіндігі ана мен бала үшін толығымен жағдай жасалғандығы себеп екендігін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері Диананың ұлына «тұсау кесер» рәсімін өткізді. Мерекеге орай әрбір ана және нәрестеге сыйлық үлестірілді.

«Аналар үйінде» бізге қамқорлық жасап, қиын сәттерде кеңестер беріп, жан жақты қолдап отырады. Мекеме қызметкерлері бізге жақын туыстарымыздай  қарайды. Бүгін бірге көмек алып жүрген қыз-келіншектермен бірлесе келетін қонақтарға ас дайындалдық. Аяз Атаның бізге сыйлықтармен келгені үлкен тосын сый болды», - дейді «Аналар үйінің» тұрғыны Диана Дүйсенова.


Төсек жабдықтарын шығаратын компания директоры, кәсіпкер Гаухар Насырова әйелдерге тауарын табыстап, оларға ақысыз тігін курсынан өту мүмкіндігін ұсынды. Тіпті алдағы уақытта оларды жұмысқа қабылдауға да дайын екенін мәлімдеді.

«Мен қыздарға қазір үміттерін үзбей, мойымай, өздері армандаған тұрақты жұмыс табуды тіледім», - дейді компанияның директоры Гаухар Насырова.

«Аналар үйі» Шымкент қаласында төрт жылдан бері жұмыс жасап, қазіргі таңда 11 жанұя пана етіп отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер