«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Оңтүстіктегі 268 кәсіпкерге 1 миллиард теңге берілді

2017 жылғы 06 Маусым
- Шымкент қаласы
4065 просмотров

Оңстүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы мамыр айының көрсеткіші бойынша соммасы 985 935 000 теңгені құрайтын 268 жобаны сүйемелдеп, кәсіпкерлердің жұмыстарын жеңілдеткен

Оның ішінде 196 жоба мал шаруашылығына бағытталған болса, 54 жоба егін шаруашылық саласы және қалған 18 жоба түрлі бағыттарды қамтыған.

Палата көмегіне жүгінген кәсіпорынның бірі – Түлкібас ауданында орналасқан «Жер ана» шаруа қожалығы. Қожалық 2006 жылы құрылған. Басты бағыты – арпа, бидай, мақсары, және көкеніс егу. Егістік алқабы 42 гектар жерді алып жатыр. Кәсіпкердің сөзінше, жылына ортақ есеппен 3 млн нан 5 млн ға дейін табыс табуға болады. Ол үшін тек қожалықтағы техника санаты толық болуы қажет. Осы күнге дейін, ескі техника мен жалдамалы жұмысшының қызметін қолданып еңбек еткен кәсіпкер жаңа трактор мен комбайн алу үшін Кәсіпкерлер палатасына келді. 2 жылдан бері төмендетілген пайызбен несие ала алмай келгендігін айтып, өтініш қалдырған.

Алғашында кәсіпкердің құжаттары толық жинақталып, несиелендіру шарттары түсіндіріледі. Жоба зерттеліп, қажетті құжаттар «Казагроқаржы» АҚ жолданған. Осылайша, аз уақыттың ішінде кәсіпкер көздеген мақсатына жетіп, төмендетілген пайызбен 10 млн 150 мың теңге несие алды.

Жобаны толық сүйемелдеген Бахытжан Құралбаев: «Егін егу саласында техниканың алар орны ерекше. Кәсіпкер 2 жыл бойы несие ала алмаған. Біз кәсіпкердің сұрауы бойынша жылдам әрі нақты қызмет көрсетуге тырыстық. Нәтижесінде, Шамила Құлыбаева 1,5 ай ішінде 8 пайыздық көрсеткішпен 10 млн 150 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізді», – деді.

Кәсіпкер бүгінге дейін 3 адамды жұмыспен қамтып келген, енді жаңа техниканың саны артуына орай тағы сонша азаматты жұмысқа алуды жоспарлап отыр.

«Қожалықтағы ескі техниканы жаңасына ауыстыру қажеттілігі біраздан бері болған. Енді егістікте жалдамалы азаматтардың қызметінсіз-ақ егінді өзіміз егіп, оны өзіміз жинай аламыз. Бұл әрі ыңғайлы, әрі қалтаға келтірер шығынды азайтады. Мұнан соң табыс көзіміз екі есеге артады деп үміттеніп отырмыз», – деп қосты кәсіпкер.

Сонымен қатар, Сайрамдық кәсіпкер Қадырбек Салыбекұлы. Ол 2015 жылы аудандағы Ақсукент ауылындағы бос тұрған ғимаратты жалға алып, 150 орындық балабақша ашқан. Бір ғана ауданда 70 мемлекеттік-жекеменшік балабақша бар екенін ескерсек, мұнда бәсекелестіктің жоғары екені айтпайбелгілі. Бәсекелестердің арасынан оза шығып, жалға алып отырған ғимаратты сатып алу үшін Қадырбек Салыбекұлы Сайрам аудандық кәсіпкерлер палатасына жүгінеді. Мекеме менеджері «Бизнестің жол картасы –2020» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіре келе, аталмыш бағдарлама аясында төмен пайызбен несие алуға болатынын айтты. Сол мезетте құжаттар жинақталып, аз күн ішінде екінші дәрежелі банктен 8,5 пайыздық көрсеткішпен қаржыландырылды. Кәсіпкер осылайша, жалға алып отырған ғимаратын толық сатып алып, балабақшаны заманауи етіп жабдықтауға мүмкіндік алды. Кәсіпкердің сөзінше, өзгенің қалтасына ақша төлегеннен, несие алып, қаражатты өз кәсібіне құйған абзал.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы осындай игі істі жалғастырмақ. Жыл соңына дейін көмекті қажет ететін маңызды жобаларды сүйемелдеуге дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер