«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық тыйылар емес

2017 жылғы 15 Мамыр
- Шымкент қаласы
13560 просмотров

Оңтүстікте сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 73% сыбайлас жемқорлыққа тап болатындықтарын көрсеткен

Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізілген сауалнамада кәсіпкерлердің 73% мемлекеттік сатып алуларда сыбайлас жемқорлыққа тап болатындықтары, пара көлемі тендер сомасының 10%-нан 20% аралығында екені анықталған.

«Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңестің Қайырбек Сүлейменовтың төрағалығымен өткен республикалық отырысында ОҚО кәсіпкерлер палатасының басшысы осы және өзгеде жағымсыз ақпаратты баяндады. Жиын барысында өңірлермен видеоконференц-байланыс орнатылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы қолданыстағы мемлекеттік сатып алулар жүйесі экономика саласындағы сыбайлас жемқорлық кең таралған саланың бірі болып отырғанын атап өтті.

Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ғазизбек Натбаев қоғамдық мониторинг қорытындысын жариялады. Бұл мониторинг жергілікті атқарушы органдар мен мекемеге қарасты ұйымдар жүргізетін мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлық қаупін анықтау мақсатында ұйымдастырылған.

Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 73% мемлекеттік сатып алу жүйесіне қанағаттанбайды, ал 62% тендер өткізуге жауапты лауазымдық тұлғаға пара бермей тендерді ұту мүмкін еместігін айтқан.

«Мемлекеттік сатып алулар процедурасының ашық еместігі, заңнамалық деңгейде нақты белгіленбеуі, осы салаға қатысты нормативті-құқықтық актілердің нормаларындағы олқылықтар мемлекеттік сатып алуларға қатысушы-кәсіпкерлердің көптеген дауы мен шағымын тудырады», – деп атап өтті Ғазизбек Натбаев. – Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасына 2016 жылы осындай 67 шағым түскен. Оның 25 % мемлекеттік сатып алулар келісімшартына қол қою мен орындау барысында түскен. Ал шағымның 28% әлеуетті жеткізушілерден түскен байқау мен аукцион өтінімдер негізсіз алынып тасталғанына арналған».

Жалпы атап өткендей, соңғы жылдары мемлекеттік сатып алуларды жүргізуде ашықтық пен объективтілікті жақсартуға қатысты айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп келеді. Дегенмен, заңнамадағы олқылықтар ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілерге сатып алудың нәтижесіне биресми әсер етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлердің өкілетті органдарға түсірген шағымдарын талдау нәтижесінде байқау тәсілімен өткізілген сатып алуларға 96% (688) көп шағымданған, сондай-ақ 3,2% (23 шағым) баға ұсыныстарына тапсырыс беру тәсіліне, 0,55% (4 шағым) – аукион тәсіліне, 0,27% (2 шағым) бір қатысушы тәсіліне қатысты.

Жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижесі техникалық сипаттамасы мен байқау құжаттарын дайындау кезеңінде сыбайлас жемқорлық қаупі туындайтынын көрсетті. Тапсырыс берушілер нақты бір жеткізушіге лайықтап дайындайтындығы орын алған. Байқау мен аукциондық өтінімдерді алдын ала және соңғы өткізу процесінде әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерін негізсіз алып тастау деректері жиі кездеседі.

ОҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшылары Оңтүстік Қазақстан облысы ның мемлекеттік сатып алулар бойынша басқармасы өткізген 100 млн теңге сомасынан асатын тендерлердің қорытындысына талдау жасады. Қорытындысында:  барлық тендердің 78% жүзеге аспады деп саналған, нәтижесінде бір қатысушы тәсілімен өткізілген, яғни 43,7% – тікелей келісімшарт жасау жолымен және 34,6% жүзеге аспаған дереккөзімен бір қатысушы негізінде іске асырылған. Тендерге қатысқан барлық компания оған жіберілмеген. Көрсетілген сатып алуларға қуатты материалдық-техникалық базасы, құрылыстың бірінші, екінші санаттындағы лицензиясы, білікті мамандары бар, құрылыс саласында тәжірибесі мол 10 шақты құрылыс компаниялары қатысқан.

Мысалы, 2016 жылы алаяқтық үшін  ОҚО әкімдігінің шаруашылық басқармасы» ЖШС-ның бұрынғы басшысына қатысты шешім шығарылған. Аталған ЖШС мемлекеттің жүз пайыздық қатысуымен 2010 жылы ауылдық амбулатория құрылысына мемдекеттік сатып алу келісімшартын жасаған және тиісті материалдық-техникалық базасы, құрылыстағы жұмысы болмаса да «Саятжан» ЖШС қосалқы мердігерге береді. Құрылыс барысында шаруашылық басқармасының басшылығы «Саятжан» ЖШС-ны жаңылыстыра отырып, өз қажеттілігіне жұмсау үшін 31,6 млн теңге алған, әкімдік атынан кепілдік хат жазып, 9,8 млн теңгесін қолма-қол ақшамен, қалған сомасын құрылыс материалдарымен алған.

Бюджеттік дамуы бар мемлекеттік әрбір мекемеде осындай жауапкершілігі шектеулі серіктестің немесе мемлекеттік-қазынашылық мекеме бар.

«Тәжірибеде көрсетілгендей, кәсіпкерлер шағымының басым бөлігінде әлеуетті жеткізушілердің өтінімінен негізсіз бас тартылғандығы айтылған, – деді Ғазизбек Натбаев. – Оның үстіне, заңнамада құқықбұзушылық қайталанған жағдайда тек әкімшілік айыппұл қарастырылған (ҚР ӘҚБК 8-бөлім, 207-бабы). Кәсіпкерлер палатасы осыған байланысты байқау комиссиясының мүшелері мен хатшысына берілетін жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды. Байқау комиссиясының мүшелері әлеуетті жеткізушілердің өтінімдерінен негізсіз бас тартқандығына қатысты тағы да құқық бұзғандығы анықталса, комиссия мүшелерін қылмыстық жауапқа тартуды қарастыру да ұсынылды».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер