«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Иран арқылы игілікті істерге

2016 жылғы 22 Желтоқсан
9846 просмотров

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Президенті Хасан Рухани екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады

Тау-кен өнеркәсібі, туризм, ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты, көлік-логистика саласын дамыту, «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне қатысу – осы және өзге де мәселелер Иран Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға келген алғаш ресми іссапары барысында талқыланды.

«Біріншіден, екі елдің көлік-логистика саласын бірлесе отырып дамытуға әлеуеті жетеді. «Қазақстан – Түркменстан – Иран» теміржолы өңірдегі тиімді көліктік-коммуникациялық жүйеге айналды. Бұл теңдессіз жоба арқылы біз Парсы шығанағы елдеріне шығып, олармен тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынас орната білдік», – деп мәлімдеді бірлескен брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек екі ел бидай логистикасы терминалдары мен контейнерлер құрылысы жобасын қолға алған. Бүгінде ирандық компаниялар жалпы көлемі 480 млн АҚШ долларын құрайтын ауыл шаруашылығы жобаларын іске асырып келеді. «Біз тек бидайды ғана емес, сондай-ақ, өзге де ауылшаруашылық өнімдерін – рапс, өсімдік майын экспорттауға әзірміз», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қарағанды облысындағы мыс кен орнын игеру басым бағыттардың бірі ретінде аталды. Ирандық тарап, сондай-ақ, Қазақстан аумағында жүргізілетін геологиялық-барлау жұмыстарына да қызығушылық танытып отыр. Бұл бастама ҚР басшылығы тарапынан да қолдау тапты.

Сондай-ақ, тараптар, «Астана – Тегеран» тікелей әуе рейсін ашу туралы келісімге келді. Қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған «Алматы – Тегеран» әуе бағытының тиімділігін тілге тиек еткен Нұрсұлтан Назарбаев, аталған бағыттың жұмыс қуаты 65%, ал ұшу жиілігі аптасына үш рет екеніне тоқталды. Ал Тегеран болса, өз кезегінде, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысып, баламалы энергия саласында қол жеткізген жетістіктерін көпшілік назарына ұсынатындықтарын айтты. Иран, сонымен бірге, ЕАЭО, ШЫҰ аясында өзара бірлесе жұмыс жасауға ниетті екендіктерін жеткізді. Қазақстан мұндай ықыласқа қолдау білдіруде. 

«Қазір  санкциялар (Ираннан – авт.) алынып тасталғандықтан, біздің қарым-қатынасымыз нығайып, экономикалық байланысымыз арта түспек. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Қазақстан Президенті.

Иран Президентінің ресми іссапары нәтижесінде, екі ел үкіметі теңіздегі сауда кеме қатынасы саласында ынтымақтастық орнату туралы келесімшартқа қол қойды.

Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Иранның Кооперация, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету министрлігі арасында ынтымақтастық туралы,  ал ҚР Ұлттық банкі мен Иран Орталық банкі арасында екі жақты сауда ісін ұйымдастыру туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанның Инвестиция және даму министрлігі мен Қолданбалы өнер және туризм ұйымы туристік сапарларды жеңілдету туралы келісімге келді.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер