«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Әйел арқалаған жүк ауыр

2016 жылғы 22 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
11816 просмотров

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанның бизнес-ханымдары тек отбасыға ұйытқы болып қана емес, ел экономикасының тұрақтылығы үшін де қызмет етеді

Шымкентте өткен іскер әйелдердің «Әйел және бизнес» атты ІІ өңірлік форумында оңтүстікқазақстандық бизнесвумендердің белсенділігі осылай бағаланды. Форумға облыс бойынша кәсіпкерлікпен айналысатын 200-ден астам нәзік жан қатысты. Бұл шараны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.

Форум жұмысы көрмеден басталды, онда жергілікті кәсіпкер әйелдер өз өнімдерін ұсынды. Экологиялық таза косметика, қолдан жасалған тігін өнімдері, ұлттық киімдер, тәтті тоқаштар және т.б. Шара қонақтары тек көрмені аралап қана қоймай, ұнатқан заттарын сатып алды.

Форум мақсаты қатысушыларға әйел кәсіпкерлігі саласындағы түйткілді мәселелерді талқылауға мүмкіндік туғызу болғандықтан, бизнесвумендер кәсіпті дамытуға қажет шешімдерді талқылап, жиі кездесетін мәселелерді ортаға салды. Несиенің қолжетімсіздігі, арнаулы білімнің аздығы, кәсіпкер әйелдердің кәсіби төмендігі, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау көрсететін тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, кәсіпкерлікке, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігіне бөгет жасап жатқан әкімшілік кедергілер сөз болды. Бизнес идеяларын әр түрлі бағытта жүзеге асыруға, кооперациялауға, сол арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатыны да айтылды. Кәсіпкер әйелдерді тек мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, халықаралық қаржы ұйымдары да қолдауда.

«Кәсіпкер әйелдердің Өңірлік палалаталар жанынан ашылған Іскер әйелдер кеңесіне мүше болуы, олардың бизнесін нығайтуда үлкен рөл атқарып келеді, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы ІӘК төрайымы Алма Арқабаева. – Бұл кеңестер – жұмыс органы, іскер әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін арнайы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда біздің кеңесте жетістікке жеткен 120 кәсіпкер әйел бар».

Бір жыл бойы жасаған жұмыстарына есеп берген ОҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы «Идеядан табысқа!» жобасын ерекше атап өтті. Бұл жоба «Әйелдер start-up» бағытында жаңа бизнес ашуға мүмкіндік беріп, ашылған бизнесті дамытуға үлес қосқан. 58 кәсіпкер ханымның өтініші іріктеліп алынып, олардың 12-сі қаржыландырылды. Форум қарсаңында «Art Textile ONTUSTIK» көрме-жәрмеңкесі де сәтті өтті, оның мақсаты – ұлттық қолөнерді жаңғырту болатын.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіров: «Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен билік арасында коммуникация орнатып, байланыс тетіктерін ұсыну, сол арқылы біз өз ойымызбен, өз кәсіби пікірімізбен заңдарға ықпал етіп, кәсіпкер әйелдердің, жалпы бизнесмендердің мүддесін қорғайтын боламыз», – деп атап өтті.

Әйел кәсіпкерлігінің дамуына қатысты өз пікірін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев та айтып өтті, оның айтуынша, қазіргі таңда әйел кәсіпкерлігінің субъектілері барлық салада өркен жайды, өндірісте де, құрылыста да, күзет ұйымдарында да, тіпті құрылыс заттары өндірісінде де әйелдердің қолтаңбасы бар.

«Тәуелсіздік жылдары әйелдер ел дамуына өлшеусіз еңбек қосты. Олар ер-азаматтармен қатар еңбектеніп, екі есе жауапкершілікті арқалады. Себебі, әйелдер жұмыс істеп, жанұяны асырауға ғана емес, баланың білімі мен тәрбиесіне де жауапты болды, – деді ол сөзінде. – Әйел кәсіпкерлердің ерлерден айырмашылығы, олар барлық нәрсеге бірден қол жеткізуге асықпайды. Бұл оларды банкротқа ұшыраудан сақтайды. Тағы бір жағымды тұсы әйелдер дағдарыс кезінде бейберекет байбалам салмайды. Өзімнің тарапымнан мынаны айтқым келеді: ОҚО әкімдігі өңірдегі кәсіпкер әйелдердің бастамаларын толық қолдайды. Мен сіздермен бірге барлығына қол жеткізуге болатынына сенемін. Себебі, әйелдер үшін ұсақ-түйек нәрсе болмайды. Оларға бәрі де маңызды. Сондықтан көп әйелдің бизнесі сәтті дамып, аяқтарына нық тұрды, Сіздер – қайраттысыздар!»

ОҚО-да басшылық қызмет атқарып жүрген әйелдер туралы да біраз статистикалық деректер келтірілді. Бүгінгі таңда ОҚО-дағы шағын және орта  кәсіпкерлік субъектілерінің 30%-ын әйелдер басқарып отыр. Қазіргі кезде 6 мыңнан астам кәсіпорынның, 5 мыңнан аса ЖШС-ның тізгіні әйелдердің қолында. 56,5 мың әйел жеке кәсіпкерлікпен айналысады, 13 мыңнан астам әйел шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардың жұмысын шырқ үйіріп жүр.

Форум аясында бірқатар табысты әйелдер жетістікке жету құпияларымен бөлісті. Мамандар «Егер тағдыр тәлкегіне ұшырасаңыз», «Жұмсақ киізден мол табыс», «Сату құпиялары», «Кәсіпкер әйелдің психикалық саулығы» атты шеберлік сыныптарында бизнес жүргізудің қыр-сыры мен қиындықтарын әңгімелеп, кәсіп ашуға қайдан қаржы алуға болатыны жөнінде ақыл-кеңес берді.

«Мұндай форумдардың маңызы ерекше зор. Бұл әйел кәсіпкерлер үшін ашық сұхбат алаңы, мұнда олар өз қиындығын, проблемаларын, жетістіктерін бөлісіп, тәжірибе алмасады. Мен сияқты жас кәсіпкер үшін бұл қосымша ынталандыру. Жетістікке жеткен әйелдерді көріп мен де алдыма бизнесте жетістікке жетуім керек деген мақсат қоямын», – деп бөлісті форум туралы ойымен инновациялық майысатын тас шығаратын «Еcоm stone» компаниясының директоры Гүлнар Жолдыбаева.

Форум соңында «ОҚО бизнесінің мақтанышы», «ОҚО үздік кәсіпкері», «ІӘК қызметін қолдағаны үшін» аталымдары бойынша өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға ерекше үлес қосқан әйелдер марапатталды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер