«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаржыландырудың бір көзі – қор нарығыңда

2016 жылғы 13 Желтоқсан
10416 просмотров

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлерге қор нарығында қаржыландыруды тарту мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді

Қазақстан қор биржасы (KASE) «Атамекен» «Қор нарығы: кәсіпкерлік үшін жаңа көкжиектер» оқыту семинарын Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ұйымдастырды. Аталған іс шара шағын және орта кәсіпкерлікті қор нарығына баулуды мақсат тұтты.

«Отандық кәсіпкерлерге қор нарығын оқытуға арналған семинар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан қор биржасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның негізінде жүзеге асырылып отыр. Бірлесе жұмыс атқара отырып, отандық қор нарығының дамуына, инвесторлық базаның кеңеюіне, қор нарығына шыққан компаниялардың қосымша қаржы тартуға септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бүгінгі күнге дейін Ұлттық палатаның және өңірлік палаталардың қолдауымен қор нарығына шығудағы қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында бірнеше іс-шаралар өткізілді. Оған еліміздегі 180 компаниясы қатысып, нәтижесінде 40-тан астам компания қор биржасының алаңына шығуға қызығушылық танытты», – деді «Атамекен» ҰКП Экономика департаментінің директоры Алена Романова.

Теңге айналымға енгізілгеннен кейін ұлттық валюта нарығын ұйымдастыру және дамыту мақсатында құрылған Қазақстан қор биржасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қор нарығын дамытуды қолға алды. Бұл туралы KASE Басқарма Төрағасының орынбасары Андрей Цалюк таныстырып өтті.

«Қазақстан қор биржасының стратегиялық жоспары – ел экономикасының дамуына үлес қосу. Бұл жай ғана ұран емес. Қазақстанда банктік жүйе бойынша даму қалыптасқан, ал қор нарығы кешеуілдеп келеді. Халық, әсіресе кәсіпкерлер банктің қызметі туралы ақпарат алған, ал қор нарығы, биржа туралы толық хабар алмағаны біздің жұмысымызға сын. Бұған өңірлерде атқарылған жұмыстың қорытынды бойынша көз жеткіздік. Әрине, «Атамекен» палатасы тарапынан көрсетілген қолдауды сезініп келеміз. Өңірлік палаталардың да көмегі зор», – деп атап өтті KASE өкілі Андей Цалюк.

Қор биржасы кәсіпкерлер үшін әлемнің барлық экономикасында банктік несиеге балама ретінде қаржы тартуға мүмкіндік беретін орын және ең алдымен ол акционерлік капитал болып табылады. KASE Басқарма Төрағасының орынбасары Андрей Цалюктің айтуынша Лондонның, Нью-Йорктің қор биржасымен салыстырғанда біздің елімізде қор нырығына шығып отырғандардың саны аз, дегенмен Қазақстанда қор нарығы бар, инвесторлар бар, жұмыс істеліп жатыр, пайда көріп жатқан жандар да бар.

Сонымен қатар семинарда Қор нарығының кәсіпқой қатысушылары – бағалы қағаздармен жұмыс, қор биржалары инвестициялық қорлар мен компаниялар, дилерлік және брокерлік ұйымдар, тіркеушілер, депозитарийлер, биржада осы биржаның листингіне, яғни осы биржада бағаланатын бағалы қағаздар тізбесіне енгізілген акциялар, биржа бағалы қағаздарды листингіге енгізу тәртібі туралы толық ақпарат берілді.

Алғашқы секциялық отырыста брокерлік қызмет көрсететін «Фридом Финанс» инвесторлық компаниясы директорының орынбасары Сұлтан Қайырқұлов тыңдаушыларға қор нарығының негізгі эелементтері мен инфрақұрылымы жайлы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар консалтингтік компаниялар өкілдері қор биржасына шығудың ең негізгі кезеңдері мен листинг процедурасы жөнінде мағлұматтар берілді.

Семинар аясында IFC Kazakhstan (Дүниежүзі Банкі тобына кіретін Халықаралық қаржы компаниясы), «Фридом Финанс» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ, «ПрайсуотерхаусКуперс» ЖШС, «UNICASE» заң компаниясы» ЖШС, «AEQUITAS» заң компаниясы» ЖШС секілді 10 компанияның өкілі жүргізген 14 лекция тыңдалды. Бұл семинарға өңірлік кәсіпкерлер палатасы да онлайн қосылып, аймақтағы кәсіпкерлерге де тыңдауға мүмкіндік жасалды. 

Қарлыға Мырзалимова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер