«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қытайлық инвестор Кентауда зауыт салғысы келеді

2016 жылғы 12 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
14541 просмотров

Зауыт құрылысына жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 2 млн АҚШ долларын құрауы мүмкін

Кентау қаласы әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы және қытайлық инвестор ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған жоба бойынша, Кентау қаласы өндіріс аумағында салынатын зауытта кен байыту ісі қолға алынады деп жоспарланып отыр. Зауыт, осылайша, «Қазмырыш» және «Қазақмыс» өндірістік кәсіпорындарына, жалпы металлургия саласына қажет деп саналатын мыс-алтын концентратын шығармақ.

Инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында «Кентау полиметалл» ЖШС құрылған. Ал, серіктестік құрылтайшылары – ҚХР мен Кентау қаласының азаматтары.

Байыту зауытына қажет кен Қазақстанның батысында орналасқан  «Юбилейный» алтын кен орнынан әкелінбек.

Зауыттың өндіріс қуаты – жылына 65 мың тонна мыс-алтын  концентратын құрайды деп жоспарланып отыр (тәулігіне 200 тонна). Аталған инвестициялық жобаны жүзеге асса, Кентауда 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Меморандумға сәйкес, зауыт жұмысшыларының 90 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды.

Қос тарап өкілдері инвестициялық жоба табысты түрде жүзеге асырылатынына сенім білдіріп отыр. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы кеңсесінде өткен кездесу барысында, қытайлық компания өкілдері инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы Қазақстан Республикасы заңына түсіндірме жүргізу қажеттігі туралы мәлімдеген екен. Кәсіпкерлер палатасы заңдық қызметтер мен өзге де сервистік қолдауға қатысты көмек беруге әзір екендіктерін жеткізген.

«Біз ОҚО Кәсіпкерлер палатасына қытайлық инвесторларды тартуға атсалысқаны үшін алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, біздің тараптан инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қажет барлық жағдайлар жасалатын болады», –деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Тәшімов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер