Сарыағаш ауданында жалғасты
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың мұрындық болуымен жүзеге асқан «Кітапсүйер ұлт» республикалық қозғалысы Сарыағаш ауданында өз жалғасын тапты
Ол ауыл кітапханаларын жастардың заманауи кітап оқитын орталығына айналдыру мақсатында, Сарыағаш қаласындағы аудандық кітапхананы жаңа жиһаздармен, қажетті техникамен жабдықтап, кітап қорын үштілді әдебиетпен, аудио кітаптармен толықтырды. Кітапхана қорына сыйлыққа тарту етілген кітаптар арасында – қазақ классикасы, шетелдік көркем әдебиет пен бизнес туралы кітаптар да бар. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін дәл осындай акция ОҚО Төле би ауданы мен Ақмола облысының Қосшы елдімекенінде ұйымдастырылған еді.
Қазіргі заманның өз талабы бар, ел болашағы – жастарға қатысты болғандықтан, оны жоққа шығару мүмкін емес, деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.
«Ұлт жоспарына сәйкес, Қазақстандағы білім беру процесін жандандырудағы маңызды дүниелердің бірі үштілді білім беруге өту болып табылады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әдебиеттер ұсынатын кітапханалар, бүгінгі күні, өзекті болып отыр. Бастысы, өскелең ұрпақтың келешегіне алаңдайтын әр қазақстандықтан қолдау табатын маңызды жоба болмақ», – деді Нұржан Әлтаев.
Оның пікірінше, кітап оқу – ойлау қабілеті жақсы қалыптасқан, өзінің жеке пікірі бар тұлға тәрбиелеуге жол ашады. Осылайша, кітаппен тілдесу ақыл мен жүректі үйлестіріп қана қоймай, адамның ішкі жан дүниесі мен ой-санасын тануға ықпал етеді. Яғни, әдеби кейіпкермен өзін теңестіре білген адам, өзі үшін жаңа ой-тұжырымдар түйіп қана қоймай, түрлі көңіл-күйді басынан кешіреді. Бір сөзбен айтқанда, кітапты жанына серік еткен жан өзінің жеке тұлғалық қасиетін де аша біледі.
«21 ғасыр – сандық технологиялар ғасыры, бұл заманда да кітап, мәдениет, компьютер қатар өмір сүруі тиіс. Жеткіншектер бойында «Оқымысты адам – табысқа жеудің құпиясын білетін адам» деген пікір қалыптасуы керек», – деді Н.Әлтаев.
Уақыт өте келе, Н.Әлтаев, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі ауыл кітапханаларының кітап қорын да толығымен жаңартуды көздеп отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: