«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жалған кәсіпкерлік мәселесі – айрықша назарда

2016 жылғы 17 Қазан
11315 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселесін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов талқыға салды

Кездесуге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов пен ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов қатысты.

Тараптар осы жылдың маусым айында өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумында қабылданған жол картасының орындалу барысын талқылады.

Естеріңізге сала кетер болсақ, Бас прокуратура алқасының жақында ҰКП басшылығының, Мәжіліс депутаттарының, орталық мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырысында, Жол картасын орындаудың қосымша нәтижелері тыңдалған еді.

Бас прокуратураның форумында да, «Атамекен» ҰКП съезінде де талқыланған маңызды мәселелердің бірі жалған кәсіпкерлік, Қылмыстық кодекстің 215-бабын қолдану болды. Қолданыстағы тәжірибеде бизнеске қысым көрсетілуде. Жалған кәсіпкерлер айыппұл төлеумен құтылып кетеді, ал олардың көптеген контрагенттері қайтадан салықтар, айыппұлдар мен өсімақылар төлеуге мәжбүр.

«Атамекен»  Қылмыстық кодекстің жалған кәсіпкерлікке қатысты 215-бабын қайта қарауды, атауы мен мазмұнын түбірімен өзгертуді және Қылмыстық кодекстен «жалған кәсіпкерлік» ұғымын алып тастауды ұсынды.

Ал «жалған кәсіпкерлікке» заңды тұлғаның заңсыз құрылуын және осындай заңды тұлғаны құру үшін құжаттарды заңсыз қолдануды жатқызу ұсынылды.

Осылайша, Қылмыстық кодекстің 215-бабы жауапсыз кәсіпкерлерді және жалған адамдардың атынан компания құрғандарды жауапқа тартуға бағытталған.

Мұндай баппен ондай компаниялардың құрылу дерегін дәлелдесе жеткілікті. Заңға қайшы келетін іс-әрекеттің, мемлекетке немесе басқа тұлғаларға келтірілетін зиянды дәлелдеудің қажеті де жоқ.

Жауапсыз контрагенттер салықтық басқару механизмдері арқылы анықталатын болады. Егер заңға қайшы келетін деректер расталса, оларға қылмыстық шаралар қолданылады.

Осы мақсатқа қатысты Салық кодексінің ережелеріне түзетулер енгізу қажет. Ұлттық палата заңнамаға сәйкесінше түзетулер дайындап қойды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің басшылығымен Қылмыстық кодекстің 215-бабының мазмұнын өзгерту жөнінде тұжырымдамалық келісім жасалды. Сондай-ақ егер тұлға салық қылмысын бірінші рет жасап тұрса, бірақ салықтарды еркімен төлеп тұрса, оны жауаптан босату туралы келісімге қол жеткізілді (245-бап), (кедендік төлемдерге ұқсас).

Осы жылдың 18 қарашасы күні Ұлттық палата әзірлеген баптар парламенттік тыңдалымда қаралады, онда қылмыстық, қылмыстық-процессуалды және қылмыстық-атқарушы заңнамаларды жаңғыртуға қатысты мәселе шешіледі.

ҰКП басшысы мен Бас прокурордың кездесуі барысында мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын қайта реттеу жайы сөз болды. Кәсіпкерлердің шағымына қарағанда, елімізде бизнесті қалыпты жүргізуге мемлекеттік органдар тарапынан жүрізілетін тексерулер саны, бақылаушы органдар тарапынан қойылатын талаптардың көптігі кедергі келтіруде.

Бас прокуратура мен Ұлттық палатаның бақылау-қадағалау функцияларына жүргізген талдау қорытындысы бойынша, 25 тексерудің 9-ын жалпы тәртіпке өткізу, ал тексерулер жүргізілуі мүмкін 132 саланың ішінен (жер, кедендік мәселелер, технкалық реттеу) 13-ін алып тастау ұсынылды.

2016 жылдың қараша айының үшінші онкүндігінде ұсыныстар бірінші вице-премьер Асқар Мамин төрағалық ететін ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады.

«Атамекен» ҰКП мен Бас прокуратураның назарындағы тағы бір мәселе – салық органдарының жоспардан тыс тексерістері, олар барлық бақылаушы органдар жүргізетін тексерулердің 1/3-не тең.

«Атамекен» мұндай тексерулер қандай жағдайларда тағайындалуы керек екенін нақтылауды, аудиторлық және салық қызметінде өзін-өзі реттеу институтын дамыту арқылы баламалы салықтық тексерістер тізімін кеңейтуді, салық салу саласында тәуекелдерді басқаруда біріктірілген әдісті қолдануды ұсынды.

Сонымен қатар «Атамекен» Парламентте салық төлеушіге тексерулердің қосымша актісімен танысуына және келіспеген жағдайда өзінің қарсылықтарын ұсынуға (ішкі бақылау қызметі қарайын болады) мүмкіндік беретін түзетулердің енгізілуіне қол жеткізді.

Кәсіпкерлер өздерінің ҰКП-ға жазған арыздарында бақылаушы органдардың талаптарының аса көптігіне шағымданған. Қазіргі таңда оларға 28 мыңнан астам талап қойылады екен.

Осыған байланысты ҰКП-да талаптарды тексеру бойынша жұмыс басталып кетті және 2016 жылы санитарлық-эпидемиологиялық саланың (63 санитарлық ереже мен норма, оларда кәсіпкерлерге 10 мыңдай талап бар) және өрт қауіпсіздігінің талаптары (3 мыңнан астам талап) талданады.

Тимур Құлыбаев пен Жақып Асановтың кездесуінде салықтық және кедендік дауларды сотқа дейін реттеу мәселесі де қаралды.

«Атамекен» Қаржы министрлігімен және Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесе отырып, жағдайды жақсарту әдістерін әзірледі.

Ұсынылып жатқан жаңа өзгерістер мыналар: Қаржы министрлігі жанынан аппеляциялық комиссия құрылып, ол мемлекеттік кірістер органының тексерістер нәтижелері туралы ескертпелеріне жасалған шағымдарды қарастырады. Комиссияға мәліметтерді сұратуға, соның ішінде салықтық және кедендік құпия саналатын мәліметтерді де алуға  құқық берілген.

Бұл баптар Ұлттық экономика министрлігінің салық салу және кедендік басқаруға қатысты әзірлеген заң жобасына енгізілген. Заң жобасы Мәжіліске шығарылды. Өзгерістерді 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізу жоспарлануда.

Төрелік институтын бұдан ары қарай жетілдіру бойынша ұсыныстар да әзірленді.

«Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» форумында да, Бас прокуратураның жақында өткен алқа отырысында да мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілікке тартылмауына қатысты мәселе айтылған еді. Олар бизнестің шығындалуына алып келетін қателіктері үшін ешқандай жауап бермейді. Қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік шаралар өте сирек қолданылады.

Осыған байланысты Ұлттық палата тәртіптік жаза институтын күшейтуді, дау соттық тәртіпте шешілгенге дейін мерзімді тоқтата тұру мүмкіндіктерін қарауды ұсынды.

Бұл мәселе Жол картасының жаңартылған редакциясына енгізілді.

Кәсіпкерліктің барлық жүйелік мәселелері «Атамекен» ҰКП мен Бас прокуратураның бақылауында болады. Жұмыстың қосымша нәтижелерін Тимур Құлыбаев пен Жақып Асанов желтоқсан айында талқылайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер