«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ОҚО туризмінің тартымды тұстары көп

2016 жылғы 13 Шілде
- Шымкент қаласы
15209 просмотров

Оңтүстік Қазақстандағы туризм саласының өкілдері атыраулықтарды өздеріне қонаққа шақырды

Атырау қаласында роуд-шоу өтті. Оны «Ontustik Tourism Center» туристік ақпараттық орталығы мен өңірдегі барлық туристік бизнес өкілдерінің басын қосып отырған Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының туризм комитеті ұйымдастырды. Бұл шараның көздеген мақсаты – ішкі туризмді дамыту және ОҚО-ға туристер тарту. Шара «Qazaqair» авиакомпаниясының қолдауымен өтті.

Роуд-шоу аясында ОҚО жергілікті атқарушы билік органдары мен туристік бизнес мамандары атыраулық әріптестерімен кездесу өткізді. Дәл осы жерде өңірлердің туристік әрі инвестициялық әлеуеті айтылды, туристік нысандардың инфрақұрылымын: қонақ үй мен демалыс аумағын ұсына алатын ең үздік компаниялар аталды.

ОҚО өкілдері, яғни туристік инфрақұрылым басшылары өте қызықты тұсаукесерлер ұйымдастырды. Тұсаукесерде «Rixos Khadisha Shymkent», «Мегаполис», «Шымкент» қонақүйлерінің, «Достық» және «Сарыағаш» шипажайының таныстырылымы өтті.

ОҚО Индустрия мен туризмді дамыту орталығының директоры Гүлмира Ақбердиева атап айтқандай, Оңтүстік Қазақстанның туризм саласы – нағыз клондайк. Мұнда тамақтану (мейрамхана, кафе, бар) индустриясы қанат жайған. Мұнда жергілікті өңірдің қолтаңбасы көзге ұрып тұр, киіз үйлер, шығыс мәнеріндегі базарлар, ұлттық тағамдар – барлығы да Шымкенттің гастрономиялық өзгешелігін лайықты деңгейде көрсете алады. Ұлттық тағамдары көп әрі қалың турист қауымын бір мезгілде қабылдай алатын мейрамханалар да жеткілікті. Қонақ үйлер де тамаша дамып келеді. 

Мәселен, бес жұлдызды «Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінің өкілдері бұл кешеннің Қазақстан бойынша төртінші орында тұрғанынан хабардар етті, ол Астана, Алматы, Бурабайдағы қонақ үйлерден кейінгі орында екен. Жеті түрлі санаттағы 117 нөмірі бар. Президенттік люкс елдегі ең үлкен люкс екен. Қонақ үйдің әкімшілігі жергілікті оқу ордаларымен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, туризм факультетінің студенттері үнемі іс-тәжірибесін осында өткізеді.

«Сарыағаш» емдік-сауықтыру шипажайының өкілдері ОҚО аумағында емделудің зор мүмкіндіктері туралы айтып берді. Минералды судың қасиеттерін түсіндірді. Тарихы бай «Сарыағаш» кешені бірден 650 демалушыны қабылдай алады. Оның алты жатын корпусы, үш коттеджі бар. Негізінен кәсіподақ ұйымдарымен келісімшартқа отырған.  

Аталмыш роуд-шоуды өткізу – Кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігінің бірлесе істеген жұмысының нәтижесі. Өңірлік Кәсіпкерлер палатасында бүгінгі таңда туризмді дамыту комитеті жұмыс істеп жатыр. Ол туристік индустрияның түйткілді мәселелерін шешіп, туризмді дамытуға үлес қосады.

«Туризм – бұл бизнес, ал бизнес – өзін-өзі ақтауы керек, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Арыстанбек Ысқақов. – Біз инвестиция тартуға көмектесе аламыз, кадрлық (дуальды білім беру негізінде) мәселені шешуге қол ұшын созамыз, туристік қауымдастықтарға бизнес-алаңдар ұсынамыз және т.б. Біздің палатада тың бастамалар қарастырылып жатыр, оның ішінде туризм де бар, оларды дамыту бизнестің өзге де нысандарын жетілдіре түседі».

Кездесуде екі тарап та Қазақстандағы туризмнің бәсекеге қабілетті, саяхат индустриясы мен демалыстың тиімді болуына тағы не істеуге болатыны туралы, оны экономиканың табысты саласына айналдыру үшін қандай тетіктерді нысанға алу керектігі жөнінде сөйлесті. 

Роуд-шоу бүгін Ақтөбеде өтеді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер