«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Нұрсұлтан Назарбаев: «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға беріледі»

2016 жылғы 26 Сәуір
12761 просмотров

Елбасы ҚР Жер кодексіне енгізілген жаңа түзетулердің төңірегінде шу шығарып жүрген азаматтарды жауапқа тартуға шақырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астана қаласында ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-сессиясында Жер кодексіндегі жаңалықтар жайында туған дау жөнінде түсіндіріп, өзінің бағасын берді.

«Соңғы уақытта жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы жалған ақпаратты әдейі таратудың кесірінен жер мәселесі баршаның назарын аударып отыр. Мұның шындыққа сай келмейтіні бірнеше рет түсіндірілді, тіпті менің өзім де айттым», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Ауылшаруашылық жерлерін шетелдік азаматтарға сату туралы мәселе жоқ және ол талқыланбайды. Осы тақырыпты саудаға салудың еш жөні жоқ, ал арандатушылар әшкереленіп, еліміздің заңдарына сәйкес жазаға тартылуы тиіс», – деп тапсырды Н.Назарбаев.

Қазақстан Президенті: «Қазір бізде жерді жалға алып, иемденіп отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер басқа жақтан инвестор алып келіп, оған өзінің акцияларын берсе, онда жер жалға өтеді», деп атап көрсетті.

«Мәселе біздің фермерлерге, шаруаларға мынау менікі дейтіндей өз жеріне ие болу мүмкіндігін беруде жатыр. Және де, біз айттық, жер жалға 10 жылға берілсе, он жыл ішінде ешкім де, әсіресе шетелдік инвестор да өзінің салған ақшасын қайтарып ала алмайды. Сол себепті біз оны 25 жылға создық, Ресейде – 49 жыл, БАӘ-де – 99 жыл, Еуропада – 49-50-99 жыл, мұнда тұрған не бар?», – деп сұрады Н.Назарбаев.

«Оған қоса, шулап жатқандар трактордан түсе салып жүгіріп келген жоқ немесе аттан түсіп алаңға жетіп келген шопан емес, олардың ауыл шаруашылығы жайлы, жердің қай жерде екені жайлы еш хабары жоқ», – деді Елбасы.

Түсінік бере келіп, Президент: «Жер кодексіне қатысты өзгертулерге түсінік беруді ұйымдастыру жұмыстарына Ұлттық экономика министрлігі жауап береді», деді. «Досаев (Ұлттық экономика министрі – авт.) осында ма? Міне, министр барлық жерде және бәріне түсіндірме беруі тиіс», – деп тапсырды Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Президент «Нұр Отан» партиясын, әкімдіктерді қазақстандықтармен белсенді кездесуге, заңдағы жаңалықтарды түсіндіруге шақырды.

«Адамдар кешке теледидар қарамайды және газеттерді қайталап оқымайды. Оларға жұмыс істеу керек. Егер сұрақтар бар болса, егжей-тегжейлі түсіндіріңдер», – деп қорытты Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетелік, 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап Жер кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енеді, ол бойынша жалға алынған ауылшаруашылық жерлерді жекеменшікке алу құқы беріледі. Жер аукциондарда төмендетілген кадастрлық құнымен сатылатын болады.

Жанар Сердалина

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер