«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа бақылау құралдарын орнату мұнай базалары үшін тиімсіз болуы мүмкін

2016 жылғы 11 Ақпан
13152 просмотров

«Атамекен» ҰКП бақылау құралдарын орнатудан бас тартуды немесе мерзімін кейінге шегеруді ұсынады

Бұл мәселе палата Төралқасының мүшесі Данияр Абылғазиннің төрағалығымен өткен мұнай-газ өндірісі комитетінің кезекті отырысында талқыланды.

2016 жылдың 1қаңтарынан бастап, еліміздегі барлық мұнай базалары жаңа бақылау құралдарын орнатуы тиіс болатын. Алайда, бизнес-қауымдастықтың пікірінше, жаңа бақылау жүйесіне өту мен оның артықшылықтарын жан-жақты қарастыру үшін уақыт қажет. Бұған қоса, өткен жылы жазда бақылау құралдарына қойылған жаңа талаптар тым жоғары әрі негізсіз және ол үшін компаниялар біршама қаражат жұмсауы тиіс. Сондықтан да қолданыстағы заңдарға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет.

Бұған қоса, бекітілген мерзімде (2016 жыл қаңтар) жаңа бақылау құралдарымен қамтамасыз ету мүмкін емес, сонымен қатар, бұл талап мұнай базалары мен жанар-жаға май станцияларының өндірістік және қаржылық жағдайына кері әсер етеді. Ұлттық палата пікірінше, бақылау құралдарын орнату қомақты қаржылық шығынды және ұзақ уақытты қажет етеді. Бұған қоса, бақылау құралдарына қойылған аса жоғары талаптар іс жүзінде қолданылмайды. ҰКП өкілдерінің пікірінше, «Қазіргі уақытта аталған талаптарды орындау бизнестің бұл саласына қосымша салмақ салады, өйткені оның мемлекет үшін мұнай өнімдері нарығына мониторинг және бақылау жасау саласындағы әсері дәлелденбеген».

Есепті бақылау құралдарын орнату тәртібі  «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымын және өндірісін мемлекеттік реттеу туралы» заң қабылданғаннан соң, төрт жылдан кейін,  өткен жылдың маусым айында ғана бекітілді. Осылайша, мұнай базалары мен мұнай өнімдерін шығаратын зауыттар жарты жылдың ішінде бақылау құралдарын орнатудың барлық процедураларынан өтуі тиіс. Бұл нысандар аса қауіпті саналатындықтан, жұмыс жобасын жасау: мердігер таңдау, құрылыс-монтаж, бағдарлама жасап, оны орнату жұмыстары мемлекеттік сараптамадан өткізілуі тиіс

Жоғарыда көрсетілген Ереже талаптары орындалмаған жағдайда заң бойынша қатаң санкциялар қарастырылған. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, мұнай базалары мен зауыттарға үлкен көлемде айыппұл салынады және мұнай өнімдері тәркіленеді. Мұндай жағдайда мұнай базалары мен мұнай өнімдерін шығаратын зауыттардың қызметін тоқтату туралы мәселе туындауы ықтимал.

2015 жыл бойы және осы мерзімге дейін «Атамекен» ҰКП, «Қазэнерджи» Ассоциациясы және салалық қауымдастықтар өкілетті органдармен бірлесе мұнай базаларын бақылау құралдарымен жабдықтау жөніндегі талаптар мен ережелерді толықтыру мақсатында жұмыстар жүргізуде.

«Бұл мәселені шешу арқылы мұнай өнімдері айналымын бақылау, салық салу, баға қою мәселесін жеңілдетіп, Қазақстан нарығындағы жанармай тапшылығы тәуекелін төмендетуге мүмкіндік туады. Мұнымен қоса, бақылау құралдарын орнату мерзімін кейінге шегеру, жобалауды мемлекеттік сараптаудан өткізу, қазыналық органдарға мәлімет беру үшін құралды таңдау және орнату мәселелері келісілуде»,– дейді палата өкілдері. 

Отырыс барысында Қазақстанға офсетті саясатты енгізу, көлеңкелі мұнай өнімдері, экспорттық мұнайға салынатын кедендік баж салығы туралы мәселелер талқыланды.

Мұнай бағасының төмендеуі және жер қойнауын пайдаланушылар табысының едәуір азаюы салдарынан мұнай өндіру саласына салынатын салық ауыртпалықтарын оңтайландыру маңызды мәселеге айналып отыр. Соның бірі әлемдік мұнай бағасының өзгеруін есепке ала отырып, мұнай мен мұнай өнімдеріне салынатын экспорттық баж салығы мөлшерін ыңғайлау болып табылады. Пікірталас барысында экспорттық баж салығының көлеміне уақытша шектеу қойып, 2016 жылы оны қайта қарап, өзгерту мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс айтылды. Бұдан өзге, ҚР Біріккен салық және кедендік кодексін қалыптастыру жұмыстары барысында мұнай өнімдерінің бағасына әсер ететін Қазақстан мен Ресейдің салық айырмашылықтарын ескере отырып, табысты арттыру мақсатында ішкі нарыққа мұнай жеткізуге салық салу жүйесін өзгертуге баса көңіл бөлу қажет.

Бүгінде жаңа жоғары технологиялық өндірістерді құру маңызды мәселелердің бірі болып отыр, сондықтан Қазақстанда да офсетті саясатты енгізу жоспарланып отыр. Сөйте тұра, комитет мүшелерінің пікірнше, бұл саясат елімізде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар мен компаниялардың жағдайына нұқсан келтірмеуі тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер