«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Импорттың өктемдігі отандық бизнесті құртуы мүмкін

2015 жылғы 19 Тамыз
- Шымкент қаласы
14316 просмотров

Оңтүстік-қазақстандық компания өнім өндірудің үштен бір бөлігін қысқартты

Электр жабдықтарын шығаратын оңтүстік-қазақстандық «Элком» ЖШС өнім өндіруде қиындық көруде.

Кәсіпорын өндіріс көлемінің үштен бірін қысқартты және қызметкерлерінің 20 пайызын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болып отыр. Егер былтыр 90 миллион теңгенің тапсырысы орындалса, осы жылдың тура сондай кезеңінде тек 30 миллионға ғана атқарылған.

Өндіру мен өткізуді қысқартуға отандық өнімге сұраныстың күрт төмендеуі себеп болып отыр, ал тапсырыс берушілер электр шкафтары мен басқару жүйелері 40 пайызға арзан ресейлік және белорустық жеткізушілерге кетіп қалған. Ресей рублінің девальвациясы нәтижесінде жергілікті нарықта қалыптасқан импорттық өнімнің өктемдігі шағын және орта бизнестің түбіне жетуі мүмкін, деп қауіптенеді «Элком» компаниясы.

«Біз экономиканың түрлі салаларында қолданылатын стандарттан тыс электр жабдығын өндіреміз,- дейді кәсіпорын директоры Леонид Гитман. – Бұрын өнеркәсіптің мұнай өндіру, тау-кен қайта өңдеу, құрылыс және машина жасау салаларындағы компаниялар тапсырыс берген болса, қазір олар да дағдарысты бастан кешіріп жатқанға ұқсайды, өйткені үлкен көлемде тапсырыс беруді қойды».

Нарықта, өндірісте біршама бәсекеге қабілетті болу үшін, өнімнің өзіндік құнын төмендете алмайды, себебі компанияның өзі құрамдастар мен материалдарды сырттан сатып алады, ал олардың және энергия тасығыштардың бағалары өсіп жатыр. Сондықтан да адамдарды ішінара жұмыспен қамтуға көшірдік. Еңбекақыдан айырылған соң компаниядан жоғары сапалы мамандар да кете бастады. 

«Осы оңтүстіктегі құрылыс серпіні де бәсеңсіді, ал құрылыс компаниялары құрылыста қолданылатын сорғы станцияларына тапсырыс беруді тоқтатты, - деп жалғады сөзін Леонид Исакович. – Егер топтамалық өнімдер шығаратын болсақ, жаппай өндіру есебінен бірдеңе ғып жол табуға болар еді. Бірақ біз негізінде ерекше жобалар үшін қолдан жасалатын стандарттан тыс дүниелер әзірлейміз. Өндірістің толығымен жабылуынан құтқарып отырған да осы».

Бүгінгі таңда өндірісте өнім номенклатурасын өзгертуге талпынуда, басқа салалардағы жаңа тапсырыс берушілерді іздестіруде.

Бір айта кететіні, «Элком» компаниясы үшін әлеуетті тапсырыс берушілерді іздеуге ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көмектеспекші. Палата сарапшылары оңтүстік-қазақстандық электр жабдығын өндірушінің жаңа клиенттері тұлғасындағы қосымша өткізу нарығын анықтау үшін маркетингтік зерттеу жұмыстарын бастап кетті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер