«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сертификат берді - сертификатты қайтарды

2015 жылғы 30 Маусым
11843 просмотров

Ұлттық палатада тауарлардың шыққан тегін растайтын заңсыз берілген CT-KZ сертификаттарын қайтарып алу уәкілеттігі пайда болды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев ҰКП баспасөз орталығында өткен брифингте осылай деп хабарлады.

Өткен жылдың шілде айында ҰКП-ға CT-KZ формасындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды ресімдеу және куәландыру бойынша функция берілгені белгілі. Алайда, ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, Палатаға заңсыз берілген серификаттарды қайтарып алу уәкілеттігі берілмеген еді. Жақында ғана, осы жылдың маусым айында ҚР инвестициялар және даму министрінің бұйрығымен Тауардың шығу тегін айқындау, тауардың шығу тегі туралы сертификатты беру және оның күшін жою жөніндегі ережеге түзетулер енгізіледі. Осы түзетулерге сәйкес, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ішкі аудит жүргізу құқығына ие болды, және де ендігі жерде сертификаттар берілуінің заңдылығын тексеру мақсатында кәсіпорындарға бара алады.

«Сонымен қатар, кәсіпкерлердің шағымы бойынша кәсіпорынның өндіретін өнімінің бар екенін тексеруге құқылымыз, және де, егер бұл дерек расталмайтын болса, ішкі аудитті өткізгеннен кейін CT-KZ сертификатын қайтарып ала аламыз», - деп түсіндірді Нұржан Әлтаев.

Оның айтуынша, бүгінде ҰКП-ға кәсіпкерлерден жосықсыз бәсекелестерінің үстінен шағымдар көптеп түсуде. Қазақстандық мазмұндағы өнімді өндірмесе де, қолдарында  CT-KZ сертификаттары бар 18 кәсіпорынның үстінен шағым жасалып отыр.

«Жақында, аталмыш норманың күшіне енуіне орай осы жылдың 12 маусымында «Жаңа технологиялар» Өндірістік-коммерциялық үйі» ЖСШ-ға ішкі аудит жүргіздік. Аталмыш кәсіпорын үстінен ЖШС Қазақстан темір жолының миллиондаған теңге тұратын тендеріне қатыса отырып, қазақстандық мазмұннан тұрмайтын өнім жеткізеді және ондай өндірісі жоқ деген шағым келіп түсті. Істің мән-жайын анықтау үшін ҰКП-да сараптау комиссиясы құрылып, ол сол жерге барып, түскен шағымның дәйектілігіне көзін жеткізіп қайтты. Анықталғандай, сертификат алуға ұсынылған құжаттар жалған болып шықты. Яғни компания шикізатты Украинадан, Днепропетровск қаласынан сатып алатыны жайлы мәлімдеген, ол тауар өндірісі үшін шикізат сатып алатын келісімшарттар ұсынған. Біз украиналық зауытпен байланысқа шығып, оның өкілдері қазақстандық компаниямен еш қарым-қатынасы жоқтығын және олармен келісімшарқа қол қоймағанын жариялады. Осының негізінде «Жаңа технологиялар» Өндірістік-коммерциялық үйі» ЖШС-дан CT KZ сертификатын қайтарып алдық және Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінен алып тастадық», - деді ҰКП басқарма төрағасының орынбасары. Ол сонымен қатар жұмыстың жалғасын табатынын айта кетті.

«Шынайы қазақстандық мазмұнға ие емес кәсіпорындардың барлығының тендерге қатысуда құқығы болмауын, отандық тауар өндірушілерге берілетін артықшылықтар берілмеуін қадағалауға салмақпен кірістік. Яғни жосықсыз өндірушілермен, осындай тауарларды жеткізушілермен күреспекшіміз», - деп қорытты Нұржан Әлтаев.

Ол болашақта осындай бұзуларды болдырмау үшін Ұлттық палатаның ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті қызметкерлерін, салалық қауымдастықтар мен ӨКП қызметкерлерін тартумен «CT-KZ» формасында берілген сертификаттарды ішкі мұқият тексеру жүргізетінін атады.

«Түрлі өңірлердегі құзыретті мамандардың тізімін даярлап қойдық. Одан салалық өнеркәсіптің барлық бағыттары бойынша (машина жасау, металл өңдеу, металлургия, мұнай-газ жабдығы, электр-техникалық сала, жеңіл өнеркәсіп, тамақ саласы, ауылшаруашылық саласы, құрылыс материалдары, ақпараттық технологиялар, фармацевтика саласы) ішкі аудит жүргізу кезінде техникалық сарапшылар ретіндегі тұлғалар тартылатын болады», - деп хабарлады ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

СТ-KZ сертификаттарын заңсыз беру деректерін анықтаған жағдайда ҰКП отандық тауар өндірушілерді 59-79-60 бірыңғай нөмірімен тікелей Call-орталыққа жүгінуге шақырады, Алматы қаласы үшін: 8-727-259-79-60.

ҰКП басшысы орынбасарының айтуынша, кәсіпкерлерден келіп түскен шағымдар мен өтініштер тізімі жасалған. Палата ол бойынша ішкі аудит жүргізетін болады. Олардың арасында аккумуляторлар, трансформаторлар, сорғылар, картридждер, газды реттеуші жабдық, ілмекті-пломбалау құрылғыларын өндірушілер кездеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер