«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда: Кәсіпкердің кінәсі не?

2019 жылғы 29 Сәуір
- Қызылорда облысы
8333 просмотров

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің отырысында Қызылорда қалалық әкімдігінің сәулет және қалақұрылысы және жер қатынастары бөлімдерінің лауазымды тұлғаларының әрекетіне қатысты жеке кәсіпкер Нұржан Бакеевтің өтініші қаралды.

Отырыста мәселенің мән-жайын Нұржанның зайыбы Айнұр Қожагелдиева айтып берді.

Ерлі-зайыпты Нұржан мен Айнұр сауда-саттықпен айналысады. Кәсіптерін кеңейту мақсатында өткен жылы жеке адамнан Абай даңғылы бойынан жер сатып алып, құрылыс жұмыстарын жүргізбек болады. Құжаттарға сай құрылыс жұмыстарын жүргізуге кедергі жоқ.

Алайда осы жылдың 14 наурызында аталмыш жер теліміне қоршау жұмыстарын жүргізе бастағаннан кәсіпкер жанұяның проблемасы басталады.

«Түнгі сағат 11-лер шамасында өзін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысымын деп таныстырған азамат жер телімінің басына келуді сұрады. Түннің ішінде жердің басына бардым. Маған әкімдіктің адамдары бұл жерден құрылыс сала алмайтындығымды жеткізді. Сосын қоршауды бүгін алып тастауды тапсырды. Алмаған жағдайда 1 млн.теңгеден астам айыппұл салынатынын айтты. Бірақ мен қоршауды алған жоқпын. Алайда таңертең барғанымда қоршауды бұзып тастапты. Мен бұл жерді алып, оған құрылыс  салу үшін несие алдым. Рұқсат құжаттарын алғаннан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізуде кедергі болады деп ойламадым. Сондықтан да құрылыс компаниясымен келісім-шартқа қол қойып қойғанмын. Қазір екі ай болып қалды жұмыстың тоқтап қалғанына. Осы проблеманы ойлаймын деп ауырып та қалдым. Шешілуіне көмек көрсетсеңіздер», - дейді Айнұр Қожагелдиева.

Кеңес мүшелері кәсіпкерден қалалық әкімдік тарапынан берілген ресми хаттың бар-жоғын сұратып еді. Осы уақытқа дейін ешқандай құжат берілмеген болып шықты. Кәсіпкерге қалалық әкімдік тарапынан ауызша ескертулермен бірге өзге жерлерден (сол жағалаудан, Ескі базар маңынан) жер телімдері ұсынылған.

Отырысқа қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жандарбеков қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержановтан кәсіпкерге не үшін түн мезгілінде хабарласқанын, қоршауды алып тастау үшін кәсіпкерге алдын ала қандай құжат берілгенін және аталмыш жер теліміне не үшін құрылыс жүргізуге рұқсат берілмей отырғандығын сұрады.  

Бөлім басшысы «Біз бұл жер телімінің астынан газ трубаларының жүріп жатқандығын анықтадық. Сол үшін құрылыс салуға болмайды деп отырмыз. Қоршауды алып тастау үшін алдын ала құжат берілген жоқ», - дегеннен өзге тұщымды жауап бере алмады.

Кеңес мүшесі, кәсіпкер, қоғам белсендісі Наталья Мишукова: «Облысымызда жарияланған кәсіпкерлікті қолдаудың үш жылдығында кәсіпкерге қолдау көрсетудің орнына, әкімдік қызметкерлерімен осындай кедергілердің келтірілуін қалай түсінеміз? Қысымға алып, негізсіз қаржылық шығынға ұшыратудағы мақсаттарыңыз не? Және осындай жайттар соңғы уақытта неліктік сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан орын алуда. Мұндай қадамдармен бізде қалай кәсіпкерлік дамымақ?», - деп наразылығын білдірді. Наталья Мишукованың бұл пікірін өзге де әріптестері – кеңес мүшелері қолдап, пікірлерін айтты.

 Кәсіпкер отбасының проблемасы кеңесте ұзақ талқыланып, қорытындысымен төмендегідей шешім қабылданды:

1. Кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіпкер Нұржан Бакеевтің құрылыс салу жобасын толықтай сүйемелдейді;

2. Жер телімінің астында жатқан газ құбырына қатысты жақын күндері жұмысшы тобы құрылып, кәсіпкер үшін оңтайлы жолдарын ұсынады;

3. Кәсіпкерге беймезгіл уақытта хабарласқан қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жақсылық Ержановтың әрекетіне баға беру үшін Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хат жолданады.

Осы қабылданған шаралардың нәтижесі Кеңестің келесі отырысында қайта қаралатын болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер