«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сарапшылар отандық өніммен алмастыруға болатын 10 импорт тауарын анықтады

2019 жылғы 03 Қаңтар
- Шымкент қаласы
4488 просмотров

Бұл тізім отандық тауар өндірушілер толтыра алатын бос бизнес-нышандарды анықтау мақсатында жасалды

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшылары өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға паспорттау жүргізіп, 102,2 млн АҚШ долларына тең импортталатын 10 тауар тізімін жасады.

 Бұл тізімге жүзім, шие, өрік (126,0 млн АҚШ доллары), металл конструкциялары (58,6 млн АҚШ доллары), сұйықтыққа арналған сорғылар (35,5 млн), қара металл бұйымдары (31,5 млн), жиһаз (23,4 млн), қыш тақталары (12 млн), трансформаторлар (11,2 млн), кілем өнімдері (7,4 млн), шырындар (4,4 млн) және алма (3,8 млн) кіреді. Жалпы алғанда өңірде 313,8 млн АҚШ долларына тең импортталатын өнімді отандық өніммен алмастыруға әбден болады.

Бұл тауардың барлығын Шымкент қаласы және Түркістан облысында өндіруге мүмкіндік бар. Әр аталым бойынша паспорттаудан өткен кәсіпорындар арасында импортты алмастыра алатын нақты жергілікті тауар өндірушілер де бар.

«Озық ондыққа кіретін тауарлар – жергілікті өндірушілер қамти алатын бос салалар. Отандық тауар өндірушілер қызметі мен мүмкіндіктеріне жүргізілген талдау нәтижесінде қазіргі таңда кәсіпорындарымыз 52%-ға жүктелгені анықталды. Толық қуаттылыққа шығу үшін қаржы көздерінің қолжетімсіздігі, шикізат тапшылығы мен өнімді өткізу мәселесі кедергі. Қажет көлемде импортты алмастыра алатын тауарларды шығару үшін осы үш негізгі мәселені шешу керек», – деді Шымкент қаласы ӨКП Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Олжас Жансейітов.

Қазіргі таңда Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы 594 компанияның   223-і  поспарттаудан өтті. Оның ішінен 146-сы – шағын кәсіпорын, 52 – орта және 25-сі – ірі кәсіпорын. Салалық құрылым келесідей тәртіпте бөлінді: құрылыс индустриясы – 60, жеңіл өнеркәсіп – 48,  тамақ өнеркәсібі – 34, химия және пласмасса – 32, жиһаз, ағаш өңдеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі –21, машина жасау –18, фармацевтика – 10. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер