«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Миллион теңгенің жартысы қалтасында қалды

2016 жылғы 23 Маусым
- Шымкент қаласы
8025 просмотров

Салық қызметкерлерінің заңнаманы өз бетінше түсіндіруі бизнесмендерді артық сома төлеуге мәжбүр етіп отыр

Аудандық салық қызметкерлері заң баптарын кәсіпкерлерге емес, өздеріне тиімді болатындай түсіндіретінін оңтүстікқазақстандық бизнесвумен тап болған жағдайдан көруге болады. ОҚО Арыс қаласының жеке кәсіпкері Бақтыгүл Нағметова төрт жыл бұрын 81 млн теңгеге сауда орнын сатып алады. Бұл сомаға сатып алу-сату шартын рәсімдеу кезінде сауда орнындағы барлық мүлік кірген болатын. Халықтық тұтыну тауарлары мен жабдықтар (сөрелер, тоңазытқыштар, ұйымдастыру техникасы және т.б.) 44 миллион 220 мың теңгеге бағаланған. Биылғы жылдың көктемінде кәсіпкер салық қызметкерлерінен хабарлама алған. Онда кәсіпкер сатып алуға кеткен қаражаттан, яғни 81 миллион теңгеден мүліктік салық төлеуі керек деп жазылған. Ал бұл аз ақша емес – 1 миллион теңге. Сауда орталығын сатып алушы тауарларды қабылдап алу-беру актін жасамағандықтан, салып алынған мүліктің жеке құны сатып алу-сату шартында көрсетілмеген.

Салық қызметкерлері Салық кодексінің тиісті бабын назарға алған, онда мүліктік салық салуға сатып алу-сату шартында көрсетілген сома негіз болады деп жазылған.

Б.Нағметова Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраған. Палата сарапшылары, өз кезегінде, Арыс ауданы салықшыларының қызметкерлерімен келіспеді. Себебі, дәл сол Салықтық кодексте басқа да бап бар: егер, салық салу нысандары бойынша шығындарды растайтын бастапқы құжаттар болмаса немесе оның бағасы белгісіз болса, онда мүліктік салық нарық құнына сәйкес есептелінеді. Сонымен бірге, нарық құны бағалау қызметі туралы ҚР заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша өткізілген бағалау туралы есепте белгіленеді. Кәсіпкер шағымының дұрыстығын растайтын дәлелдерін Палата сарапшылары ОҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне жолдаған. Мемлекеттік орган оларды мақұлдап, мүліктік салықтың салыну заңдылығы жөнінде түсіндірме берді. Осылайша, аталған нақты жағдайда аудандық салық қызметкерлері Салық кодексін өздеріне тиімді жағынан түсіндірген. Нәтижесінде, Палатаның араласуынан кейін, кәсіпкер миллион теңгенің орнына мүліктік салық үшін 400 мың теңге төлейтін болды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер