«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

ТүркПА делегациясы «Атамекеннің» тәжірибесімен танысты

2022 жылғы 19 Мамыр
6953 просмотров

Бүгін Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) делегациясы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысымен танысты.

ТүркПА делегациясының құрамында ұйымның Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия төрағасы, ҚР Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов, Әзербайжан Милли меджлисінің депутаты Агалар Велиев, Қырғызстан Жогорку кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының өкілдері Шенель Йедийылдыз, Яшар Карадағ бар.

Халықаралық делегацияны Ұлттық палатаның аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев қабылдады. Ол қонақтарға палатаның қызметін, оның ішінде заң жобаларына сараптама ұсыну, «Бастау Бизнес» жобасы, «Таза парақтан реттеу» концепциясын баяндады.

«Ұлттық палатаның негізгі функциясы – барлық деңгейдегі заңнама актілеріне кәсіпкерлік тарапынан баға беру. Яғни, қабылданатын заң жобалары кәсіпкерліктің дамуына қандай әсер беретінін анықтаймыз. Палатаның құрамында 200-ге жуық салалық қауымдастық бар. Солардың көмегімен мамандарымыз сараптама әзірлейді. Әрі қарай үкімет арқылы заң қабылдайтын органдарға жеткізіледі», – деп таныстырды Бауыржан Оразғалиев.

Бұдан бөлек ол «Атамекен» жалпы ішкі өнімдегі мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың үлесін азайтып, қызметті нарыққа қарай ығыстыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, палата өкілі «Таза парақтан реттеу» концепциясын іске асыруда және кәсіпкерлердің салығын жеңілдету мәселесінде түркітілдес мемлекеттердегі тәжірибенің септігі тиетінін атап өтті.

Бұл ретте Мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжанов Ұлттық палатаның ШОБ дамытудағы үлесіне және мемлекеттік органдармен байланысына тоқталды.

«Атамекен» елімізде орта және шағын бизнесті дамытуда институт болып қалыптасты. Бүгінде барлық өңірде филиалдары жұмыс істейді. Палатаның өкілдері шалғайдағы азаматтарымызға кәсіп ашуға бағыт-бағдар, қолдау көрсетіп отыр», – деді Әмірхан Рахымжанов.

Айта кетейік, қазір Парламент Мәжілісінде 48 заң жобасы жатыр, соның 40-ына «Атамекеннің» өкілдері сарапшы ретінде қатысады. Яғни, бүгінде елдегі заң жобаларының 90%-ы бизнеске қатысты болып отыр. Бұдан бөлек 2020 жылы елде 100-ге жуық заң жобасы қаралса, соның 79-ында Ұлттық палата бар. «Атамекен» сарапшылары 845 жұмыс тобының отырысына қатысып, заң жобаларын қабылдауға атсалысқан.

ТүркПА делегациясы Ұлттық палатаның қызметіне қызығушылық танытып, бірқатар сұрақ қойды.

«Қырғызстанда «Атамекен» секілді ұйым бар. Біздің тарапқа «Атамекеннің» Парламентпен жүйеге қойылған жұмысы қызық болып тұр. Сіздердің осы тәжірибеңізді Қырғыз мемлекетінде меңгеруге ниеттіміз», – деді Қырғызстан Жогорку кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков.

Ұлттық палата өкілдері бұл бағытта және жалпы кәсіпкерлікке қатысты кез келген салада тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.

Еске салайық, 2022 жылғы 18-20 мамырда Нұр-Сұлтанда ТүркПА экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның IX отырысы өтеді. Оның аясында «Пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың өсуын тұрақтандырудағы шағын және орта бизнестің инновациялық белсінділігі» тақырыбындағы семинар ұйымдастырылады. Оған Ұлттық палата өкілдері қатысып, пандемия кезінде ШОБ-қа қандай қолдау шаралары ұсынылғанын таныстырады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер