Тауар белгісі өз бизнесін қорғау үшін, өз тауары мен қызметін сәтті өткізу үшін, өз активтерінің құнын арттыру үшін қажет. Тауар белгісі – басқа өндірушінің ұқсас тауарынан айыру мақсатында қолданылатын белгі (сөз, логотоип, сурет және қаптама).

Тауар белгісін тіркеу керек пе немесе патент алу міндетті ме? 

Иә, тауар белгісін тіркеу керек. Қазақстан Республикасында қолданылатын заңға сәйкес тауар белгісі уәкілетті органда тіркелгеннен кейін ғана заңды тауар белгісіне анйалады.

Тауар белгісіне патент берілмейді. Тауар белгісіне берілген куәлік немесе Мемлекеттік тауар белгісінің реестрінен ресми анықтама тауар белгісіне алынған айрықша құқықты растайды.

Тауар белгісінің иесіне қандай құқық беріледі?

Тауар белгісін тіркегеннен кейін тауар белгісінің иесі тауар куәлігінде көрсетілген қатынастарда тауар белгісін қолдануға және иелік етуге және өз қалауына қарай кез келген тәсілмен қызмет көрсетуге айрықша құқық алады. Айрықша құқыққа сондай-ақ тауар белгісінің иесіне өзінің белгісін бөтен біреудің қолдануына, рұқсатсыз сол белгіге ұқсатып пайдалануға тыйым салу құқығы да кіреді.

Тауар белгісін тіркеу өзге елдерде қолдану және оны пайдалануға тыйым салуға мүмкіндік бере ме?

Егер тауар белгісі Қазақстанда ғана тіркелсе, айрықша құқық тек Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.

Тауар белгісі үшін өзге елдерде де осындай құқыққа ие болу үшін сол елдерде тауар белгісін тіркеу керек.

Қандай таңбалар немесе белгілер тауар белгісі ретінде тіркелуі мүмкін?

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар белгісі ретінде айырмашылықты білдіретін кез келген белгі (тауар немесе қызметті даралайтын) немесе олардың қисындысы тіркелуі мүмкін. 

Тауар белгісі ретінде қойылатындар:

  • Сөз мәтіні (сөз, сөз тіркесі, ұрансөз және т.б.)
  • Әріптік  (әріптер қиысыны)
  • Сурет (тірі жан, зат, нысан, фигура, кескін және т.б. суреті)
  • Санды (сандардан ерекше қисынды)
  • Көлемді – (үш өлшемді нысан, қалыбы бірегей және тауардың қызметімен тікелей байланысты емес)
  • Басқа белгілер (дыбыстық белгілер)
  • Біріктірілген (жоғарыда аталған белгілердің біріктірілуі)

Жеке тұлға тауар белгісінің иесі бола ала ма? 

Иә тауар белгісіне заңды тұлға да, жеке тұлға да иелік ете алады.

Тауар белгісін тіркеу үшін қандай құжаттар керек және өтінішті қайда беруге болады?

Тауар белгісін тіркеу үшін типтік бланкіде өтініш толтыру керек. Типтік бланкіде өтініш беруші туралы мәлімет, оның тұрған орны немесе тұғылықты жері, өтінішке беретін белгілер, Тауар мен қызметтің халықаралық жіктемесіне сәйкес тауарлар немесе қызметтердің тізімі туралы ақпарат көрсетілген.

Өтініш Қазақстан Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік институтына беріледі.

Өтінішті рәсімдеуге, тауар мен қызметтер тізімін анықтауға зияткерлік меншік саласының мамандары, Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілдері көмек көрсетеді. Бұл жағдайда өтінім сенімхат бойынша берілуі мүмкін.

Белгіні алдын ала тексеру керек пе?

Иә, тексерген орынды. Алдын ала тексеру (іздеу) тәуекелді анықтау үшін және тауар белгісіне өтінім беру керек пе дегенді анықтау үшін жүргізілу керек. Себебі басқа бір тұлға соған ұқсас тауар белгісін тіркеп қоюы мүмкін.

Тіркеуге өтінім беру тауар белгісінің автоматты түрде тіркелгенін білдірмейді. Өтінім бойынша сараптама жүргізіледі, соның барысында бұрын өтінім берілген (басымдық), сіздің тауар белгіңізді тіркеуге кедергі келтіретін бірдей (тең) немесе ұқсас тауар белгілер  анықталуы мүмкін.

Сондықтан тауар белгісін тіркеуге өтінім бергенде ұқсастық пен бірдейлікке алдын ала іздеу жүргізу ұсынылады.

Тауар белгісін тіркеу процедурасы қанша уақытқа созылады? 

Тіркеу мерзімі орташа алғанда өтінім берген күннен бастап 11-12 айға созылады.

Тауар белгісін тіркеу процедурасына алдын ала сараптама, толық сараптама және Мемлекеттік тауар белгілері реестріне мәліметтерді енгізу кіреді.

Тауар белгісіне берілген айрықша құқықтың мерзімі бар ма?

Қазақстан Республикасында қолданылатын заңнамаға сәйкес тауар белгісін тіркеу өтініш берген күннен бастап 10 жыл мерзімге жарамды. Тауар белгісінің тіркеу жарамдылығының мерзімі әр 10 жыл сайын меншік иесінің соңғы жарамдылық мерзімінде берген өтінішімен ұзартылады.